Жаңа жылға санаулы ай қалды. Осы тұста көпшілікті 31 желтоқсанның демалыс күн болатыны не болмайтыны қызықтырады. Биыл жылдың соңғы күні бейсенбіге сәйкес келеді. Қазақстандықтар бұл күні жұмысқа бара ма, әлде мерекеге ертерек дайындала ала ма, бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
2026 жылғы 31 желтоқсан ресми демалыс күні болып саналмайды. Сондықтан бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар үшін бұл – қалыпты жұмыс күні. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, елімізде демалыс күндері «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес белгіленеді.
Аталған заң бойынша 1 және 2 қаңтар – Жаңа жыл мерекесіне орай жұмыс істемейтін күндер. Ал 31 желтоқсан мемлекеттік мерекелер тізіміне енбеген.
Жаңа жылға дайындалу үшін демалыс алуға бола ма?
31 желтоқсан ресми демалыс болмаса да, кейбір қызметкерлердің бұл күні жұмысқа шықпауына мүмкіндік бар. Мәселен, жұмыс беруші ұжымның жұмыс тәртібін ескере отырып, қызметкерлерге қосымша демалыс бере алады. Сондай-ақ жұмыс уақытын қысқарту немесе икемді кесте енгізу мәселесін қарастыра алады.
Мұндай шешімдер ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің ішкі құжаттарында бекітілуі мүмкін, яғни 31 желтоқсанда демалу-демалмау әр ұйымның жұмыс тәртібіне байланысты.
2027 жылғы демалыс кестесі қашан белгілі болады?
Министрлік келесі жылы демалыс күндерін ауыстыру мәселесі қарастырылып жатқанын да хабарлады. Алайда 2027 жылға арналған демалыс күндерін ауыстыру кестесі әзірге түпкілікті бекітілмеген.
Бұған дейін қоғамда 31 желтоқсанды демалыс күніне айналдыру туралы ұсыныстар айтылған. Бастама көтерген азаматтар жылдың соңғы күнінде халыққа мерекеге дайындалуға мүмкіндік беру үшін қаңтардағы мереке күндерінің бірін жұмыс күніне ауыстыруды ұсынған.
Дегенмен бұл ұсыныс заңнамалық өзгеріске ұласқан жоқ.