Қазақстандықтар 2026 жылы несиені қандай мақсатта көп алған

Қазақстандықтар 2026 жылы несиені қандай мақсатта көп алған
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қазақстандықтар банктерден 14 трлн теңгеге жуық несие алған. Қарыз қаражатының басым бөлігі күнделікті тұтынушылық қажеттіліктерге жұмсалған.

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларында екінші деңгейлі банктер халыққа жалпы сомасы 13,98 трлн теңге несие берген. Бұл ай сайын орта есеппен 1,55 трлн теңгені құрайды.

Берілген несиелердің негізгі бөлігі – 10,19 трлн теңге немесе 72,9 пайызы тұтынушылық мақсаттарға бағытталған.

Ал тұрғын үй сатып алуға, құрылыс пен қайта жаңғырту жұмыстарына 2,14 трлн теңге (15,3%), автокөлік сатып алуға 1,4 трлн теңге (10%) бөлінген. Қалған бағыттардың үлесі 2 пайызға да жетпейді.

Тұтынушылық несиелердің басым көпшілігі кепілсіз берілген. Атап айтқанда, 10,19 трлн теңгенің 9,71 трлн теңгесі немесе 95,4 пайызы кепілсіз қарыздарға тиесілі. Ал кепілмен берілген несиелер көлемі шамамен 473 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар пайызсыз несиелерге, негізінен тауарларды бөліп төлеуге сұраныс жоғары. Тоғыз айда қазақстандықтар 2,6 трлн теңгеге осындай қарыз рәсімдеген.

Ірі сатып алулар арасында жылжымайтын мүлікке берілген несиелер көш бастап тұр.

2026 жылдың тоғыз айында банктер тұрғын үй сатып алу, салу және жөндеу мақсаттарына 2,14 трлн теңге бөлсе, автокөлік несиелерінің көлемі 1,4 трлн теңгені құраған.

Екі көрсеткіштің айырмашылығы шамамен 739 млрд теңге.

Мәселен, қыркүйек айында жылжымайтын мүлікке 248,2 млрд теңге, автокөлік сатып алуға 159,5 млрд теңге несие берілген. Ал өзге тұтынушылық мақсаттарға рәсімделген қарыз көлемі 1,14 трлн теңгеге жеткен.

Ұлттық банк дерегінше, халыққа теңгемен берілген несиелердің орташа алынған пайыздық мөлшерлемесі жылдық 20,6 пайызды құрайды.

Несие түрлеріне қарай мөлшерлемелер айтарлықтай ерекшеленеді:

  • Тұрғын үй сатып алу, салу және қайта жаңғыртуға арналған несиелер – жылдық 11,2%;

  • Автокөлік несиелері – 24,6%;

  • Өзге тұтынушылық несиелер – 21,9%;

  • Кепілсіз тұтынушылық несиелер – қыркүйек айында 37,1%.

Осылайша, кепілсіз тұтынушылық несиелер қарыз алушылар үшін ең қымбат қаржы өнімдерінің бірі болып отыр.

Өңірлік көрсеткіштер бойынша халыққа берілген несиелердің ең үлкен үлесі еліміздің ірі қалаларына тиесілі.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Алматы тұрғындары 4,48 трлн теңге несие алған. Бұл ел бойынша берілген барлық қарыздың шамамен 32 пайызы.

Астанада несие көлемі 1,77 трлн теңгеге, ал Шымкентте 1,07 трлн теңгеге жеткен.

Үш мегаполистің жиынтық көрсеткіші 7,32 трлн теңгені немесе жалпы несие көлемінің 52,4 пайызын құрайды.

Облыстар арасында Қарағанды облысы (648 млрд теңге), Жетісу облысы (582 млрд теңге) және Ақтөбе облысы (520 млрд теңге) алдыңғы қатарда.

Осылайша, 2026 жылы қазақстандықтар алған несиелердің басым бөлігі тұтынушылық қажеттіліктерге бағытталған. Әсіресе кепілсіз қарыздар мен бөліп төлеу қызметтері кеңінен пайдаланылған. Алайда мұндай несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, қарыз алушылар үшін қаржылық жүктеме де елеулі болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз