Қазақстандық жүргізушілер үшін тарихи өзгеріс: БАӘ жаңа ережені күшіне енгізді

Қазақстандық жүргізушілер үшін тарихи өзгеріс: БАӘ жаңа ережені күшіне енгізді
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім күшіне енді. Бұл жаңалық екі ел азаматтары үшін жүргізуші куәлігін пайдалану мен ауыстыру рәсімін едәуір жеңілдетеді.

Келісім Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың БАӘ-ге жұмыс сапары барысында жасалған болатын. ІІМ мәліметінше, құжат екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтіп, азаматтарға әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, Біріккен Араб Әмірліктерінде уақытша жүрген Қазақстан азаматтары жергілікті заңнама талаптарын сақтай отырып, қазақстандық жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе алады.

Ал Қазақстан азаматтары БАӘ-ге тұрақты тұруға көшкен жағдайда, өздерінің ұлттық жүргізуші куәлігін «B» санаты (жеңіл автомобильдер) және «B1» кіші санаты (үш дөңгелекті көліктер мен квадроциклдер) бойынша теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ жергілікті куәлікке айырбастай алады. Осындай жеңілдетілген мүмкіндік Қазақстанға тұрақты тұруға келетін БАӘ азаматтарына да беріледі.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін келесі құжаттар қажет:

  • жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі;
  • жарамды тұруға рұқсат (резиденттік мәртебе);
  • құжаттың ресми аудармасы (БАӘ-де – араб тіліне, Қазақстанда – қазақ немесе орыс тіліне);
  • міндетті медициналық тексеруден өткені туралы құжат.

Айырбастау рәсімі кезінде ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Рәсім аяқталғаннан кейін екі елдің уәкілетті органдары тек жүргізілген айырбастау туралы өзара ақпарат алмасады.

Айта кету керек, жеңілдетілген тәртіп тек «B» және «B1» санаттарына ғана қолданылады. Басқа санаттағы жүргізуші куәліктерін айырбастау қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі шетелде жүрген азаматтарды қабылдаушы елдің заңдарын, қоғамдық тәртіп талаптарын және жергілікті мәдениет пен дәстүрлерді құрметтеуге шақырды.

Оқи отырыңыз