Қазақстандық ұстаз тағдыры туралы фильм әлемдік фестивальде бақ сынайды

Қазақстандық ұстаз тағдыры туралы фильм әлемдік фестивальде бақ сынайды
Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Отандық режиссер Аяна Нұрдинованың «Mūğalım» толықметражды көркем фильмі Испанияның Сан-Себастьян қаласында 18-26 қыркүйек аралығында өтетін 74-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің беделді New Directors байқау бағдарламасына ресми түрде таңдалды. Туындының әлемдік тұсаукесері 20 қыркүйекте өтеді.

«New Directors» бағдарламасы

Бұл – қазақстандық кино үшін ғана емес, жас режиссерлердің халықаралық аренадағы танылуы тұрғысынан да маңызды жетістік.

New Directors –  Сан-Себастьян кинофестивалінің ең беделді секцияларының бірі. Бағдарлама алғашқы немесе екінші толықметражды фильмін түсірген режиссерлерді әлемдік кино қауымдастығына таныстыруды мақсат етеді. Биыл бұл бөлімде 13 елден келген 14 фильм бақ сынайды. Олардың қатарында Қазақстанның атынан ұсынылған жалғыз туынды – «Mūğalım» фильмі.

Бұл бағдарлама бұған дейін әлемдік кинода үлкен із қалдырған көптеген режиссерлердің шығармашылық жолына серпін берген. Солардың қатарында кейін «Оскар» сыйлығын иеленген оңтүстіккореялық режиссер Пон Джун Хо, сондай-ақ Изабель Койшет, Джонатан Глейзер, Николас Виндинг Рефн және Уолтер Саллес сынды танымал киногерлер бар.

Балқаштағы мұғалімнің тағдыры

Фильм оқиғасы Балқаш қаласында өрбиді. Басты кейіпкер – музыка пәнінің мұғалімі. Ол үлкен қалаға көшіп, жаңа өмір бастауды армандайды. Алайда көптен күткен мүмкіндік туған сәтте кейіпкер өмірлік таңдаудың алдында қалады: өнерге адал қалу ма, әлде жеке арманының соңынан кету ме?

Осы арқылы фильм кәсіби адалдық, ұстаздық миссия, туған жерге деген жауапкершілік және адамның ішкі еркіндігі сияқты әмбебап тақырыптарды қозғайды.

Фото: ҰКҚО
Фото: ҰКҚО

Қазақстандық әйел режиссердің тарихи жетістігі

«Mūğalım» – режиссер Аяна Нұрдинованың толықметражды кинодағы дебюті. Сонымен бірге бұл – Сан-Себастьян кинофестивалінің тарихында қазақстандық әйел режиссердің New Directors бағдарламасына енген алғашқы фильмі.

Картинаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген.

Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрболатова.

Басты рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жәнісбекова, Гүлнәр Дусматова, Ольга Ландина, Бақытжан Әлпейіс, Мадина Есман, Анна Старченко және Акиф Петров сомдаған.

Сан-Себастьян фестивалі неге маңызды?

1953 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалі – Халықаралық киноөндірушілер қауымдастығы (FIAPF) мойындаған әлемдегі – «А» санатындағы ең беделді кинофестивальдердің бірі. Ол Канн, Венеция және Берлин секілді жетекші фестивальдермен қатар аталады.

Фото: euronews.com / Сан-Себастьян фестивалі
Фото: euronews.com / Сан-Себастьян фестивалі

Фестивальде берілетін басты марапат – «Алтын қабыршақ» (Golden Shell). Ал New Directors бағдарламасының жеңімпазына арнайы Kutxabank-New Directors Award табысталады. Сонымен қатар барлық фильмдер 18-25 жас аралығындағы жастар қазылары анықтайтын DAMA Youth Award сыйлығына да үміткер болады.

Қазақстан киносы үшін жаңа кезең

Соңғы жылдары қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерде жиі көріне бастағанымен, «Mūğalım» фильмінің дәл осындай беделді дебюттік режиссерлер бағдарламасына енуі – ұлттық кино өндірісінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

Кинотанушылардың пікірінше, халықаралық фестивальдерге қатысу фильмнің әлемдік дистрибуцияға шығуына, шетелдік прокатшылар мен стримингтік платформалардың назарын аударуға мүмкіндік береді. Сондықтан «Mūğalım» тек Қазақстан атынан қатысып қана қоймай, отандық кинематографияның халықаралық беделін арттыруға үлес қосатын маңызды жоба ретінде бағаланып отыр.

Оқи отырыңыз