Жаңалықтар

Қазақстандық теннисші Ұлыбританиядағы турнирдің финалына шықты

Қазақстандық теннисші Ұлыбританиядағы турнирдің финалына шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясы 23.06.2023 11:02 571

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Александр Недовесов Илкли (Ұлыбритания) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар әуелі аустралиялықтар Эндрю Харрис – Люк Сэвилді 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандық-эквадорлық дуэт ширек финалда германиялықтар Константин Францен – Хендрик Йебенспен шеберлік байқасты. А.Недовесов – Г.Эскобар 6:4, 3:6, 10:4 есебімен жеңді. Александр мен Гонсало жартылай финалда бельгиялықтар Зизу Бергс – Йорис де Лоремен кездесті.

Бірінші партияда бельгиялық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық-эквадорлық жұп брейк жасап, сосын өз геймдерін алды – 7:5. Содан кейін супер тай-брейкте мүмкіндіктерін жіберген жоқ – 10:5. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.

Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар финалда доданың 3-ракеткалары, америкалық Роберт Гэллоуэй – аустралиялық Джон Патрик Смитпен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Германиядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға