©El.kz/Нурасыл ЕРЖАНОВ

Қазақстандық театрлар 2024 жылғы маусымды бірқатар жаңа қойылыммен жабады

25.06.2024 11:26 1412

Қазақстандық театрлар 2024 жылғы театр маусымын бірқатар премьералармен және танымал қойылымдармен қорытындылайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры өзінің 90-мерейтойлық маусымын Х.Левенсхольдтің «Сильфида» романтикалық балетінің жаңа қойылымымен аяқтады.

Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры маусымды театрдың 90 жылдығына арналған мерейтойлық Гала-концертпен жапты.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 98-ші маусымын жабады. 25 маусымда көрерменге «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі көрсетіледі.

28 маусымда Мемлекеттік Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры 92-маусымын «Инь-Янь» қойылымымен аяқтайды.

Республикалық академиялық Неміс драма театры 30 маусымда «Человек подушка» спектаклімен 44-маусымының шымылдығын жабады.

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 48-ші маусымын Қ.Тілеуханның «Медаль» спектаклінің премьерасымен аяқтайды. Қойылым 29 және 30 маусымда көрерменге ұсынылады.

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының 11-маусымы 13 шілдеде қорытындыланбақ. Онда «Еркін мерген» операсының премьерасы сахналанады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры 33-маусымын 14 шілдеде «Қарагөз» спектаклінің премьерасымен аяқтайды.

31 шілдеде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 78-маусымын «Ұлпан» спектаклінің премьерасымен жабады.

Айта кетейік, көптеген премьералар мен көрермен көңілінен шыққан қойылымдар елдегі театр өнерінің жоғары деңгейін айшықтап және келесі маусымда жаңа, жан тебірентер қойылымдардың сахналануына сеп болады.