Жаңалықтар

Қазақстандық құтқарушылар Түркиядағы ең қатты қираған орында жұмыс істеді

Қазақстандық құтқарушылар Түркиядағы ең қатты қираған орында жұмыс істеді
Фото: gov.kz 23.02.2023 12:26 2761

Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев ОҚК алаңындағы баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркия Республикасында болған жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін 100-ге жуық адамнан тұратын ТЖМ-нің Астана, Алматы қалаларының, Ақмола, Қарағанды облысының жиынтық тобы құрылды. 6 бірлік техникасы, жедел тобының үш өкілі, 10 дәрігер, республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен алты кинологиялық маман бар. 7-9 ақпан ТЖМ жиынтық тобы жолға шығып, ең қатты қираған орындарда іздестіру жұмыстарын жүргізді», - деді ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.

Вице-министр апатты аймақтағы құтқару жұмыстарына біздің құтқарушылардың жедел түрде кіріскенін айтты.

«Құтқарушылар жасағы екі топтан тұрды. Олардың құрамында кинологиялық есептеулер мен медицина қызметкерлер болды. Тұрғын үйлер бұзылған күрделі аумақта жұмыс істеу тапсырмасы берілді. Бірінші топ толығымен бұзылған тоғыз қабаттық үйдің аумағына жіберілді. Екінші топ құлаған алты қабаттық үйдің аумағында жұмыс жасады. Апат аймағында түркиялық құтқарушылар мен волонтерлер жұмыс істеп жатты», - деді вице-министр.

Айта кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күшімен жеті адам құтқарылды, 88 қаза тапқан адамның денесі, оның ішінде 10 баланың денесі үйінділер астынан шығарылды. Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйінділерді бөлшектеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға