Жаңалықтар

Қазақстандық оқушылардың инновациялық жобасы АҚШ-та үздіктер қатарына енді

Қазақстандық оқушылардың инновациялық жобасы АҚШ-та үздіктер қатарына енді
Фото: gov.kz 17.05.2023 07:31 623

Western Edge Open робототехника чемпионаты АҚШ-тың Калифорния штатында Лонг Бич қаласында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

20 елден келген 80 команда FIRST LEGO League категориясында бақ сынасып, «Энергия» тақырыбы бойынша өз инновациялық жобаларын қорғады. 

Бұл додадаға Қазақстан атынан Алматыдағы High Tech Academy мектебі мен Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары қатысты. 

Үздік инновациялық жоба номинациясында High Tech Academy атынан барған Arturli командасы жеңіске жетті. Олардың инновациялық жобалары энергияны үй шаруашылығында сақтау және қолданудың революциялық тәсіліне негізделген. 

Біз экологиялық зиянды әрі аса қымбат аккумуляторлы полимерлі батареяларды пайдаланбауға тырыстық. Оның орнына революциялық шешім ұсынып отырмыз, бұл гравитациялық батареялар. Мұндағы ой – күндіз өндірілген энергиядан қор жинақтап, түн мезгілінде пайдалану. Жоба үшін тереңдігі 100 метр болатын шахта әзірленіп, әрқайсысы 300 тонна болатын жеті жүк іске қосылады. Көтерілген жүктер  қажет болған кезде босатылатын «энергетикалық қор» ретінде қарастырылады. Жалпы біздің жүйеміз шамамен 75 үйді тәуліктік нормамен қамтамасыз ете алады, бұл үй шаруашылықтарына энергиямен қамтылуда толықтай дербес болуға мүмкіндік береді, - дейді өз жобаларын таныстырған команда мүшелері. 

USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметовтың айтуынша, біздің оқушыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғап қана қоймай, әлемдік қауымдастыққа халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін де лайықты таныстыра алды. 

Балалар сайысқа бірнеше ай бойы өте мұқият дайындалды. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жақсы меңгерген және ұлттық аспаптарда ойнайды. Оның үстіне олардың ғылыми зерттеулері отандық университеттер профессорларының сараптауынан өткен. Байқау кезінде Қазақстанның ұлттық  бұрышын тамашалаушылардың тарапынан көптеген жағымды пікірлер естідік, - деп атап өтті Асылбек Мұрзахметов. 

Еске сала кетейік, мектеп оқушылары ақпан айының соңында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен FIRST Central Asia Орталық Азия ойындарында Western Edge Open чемпионатына қатысуға лицензия алған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға