Қазақстандық оқушылар халықаралық биология олимпиадасында топ жарды

Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша Ашық халықаралық олимпиадада екі алтын медаль мен командалық жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан құрамасы 2025 жылғы 10–17 мамыр аралығында Ресейдің Сочи қаласындағы «Сириус» білім беру орталығында өткен биология пәні бойынша Ашық халықаралық олимпиадада (Open International Biology Olympiad, OIBO) жоғары нәтиже көрсетті.
Олимпиадаға 14 елден келген жас биологтар қатысты. Сайыс үш кезеңнен тұрды: теориялық, жеке практикалық және алғаш рет енгізілген жобалық (топтық) тур. Қазақстан құрамасы республикалық олимпиада жеңімпаздарынан құралған. Нәтижесінде олар екі алтын, төрт күміс медаль жеңіп алып, командалық жобалық турда бірінші орынды иеленді.
Жеке нәтиже бойынша алтын медаль иегерлері:
Батыр Ержанұлы – 11-сынып, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Шығыс Қазақстан облысы
Ерсұлтан Қайыркен – 10-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар облысы
Күміс медаль иегерлері:
Әлихан Аширханов – 8-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Алматы қаласы
Дмитрий Титков – 10-сынып, №3 дарынды балаларға арналған гимназия, Павлодар облысы
Әлімұхаммед Саматұлы – 9-сынып, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Павлодар облысы
Егор Менгулов – 10-сынып, №8 орта мектеп, Көкшетау қаласы, Ақмола облысы
Қазақстан құрамасының жетекшісі – Айгүл Каркулова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары.
OIBO халықаралық олимпиадасы оқушылардың биология және биотехнология саласындағы заманауи мәселелерді шешуге деген қызығушылығын арттыруды, ғылыми көкжиектерін кеңейтуді және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Айта кетейік, Қазақстан командасы олимпиада алдында ұйымдастырушылардың шақыруымен «Сириус» орталығында он күндік оқу-жаттығу жиындарынан өткен.
