Қазақстандық оқушы жасанды интеллект олимпиадасында сенсация жасады

Қазақстандық оқушы жасанды интеллект олимпиадасында сенсация жасады
Фото: IOAI 2026

Астанада 2-8 тамыз аралығында өткен III Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы – IOAI 2026 өз мәресіне жетті. Байқаудың жеке тур қорытындысы бойынша қазақстандық оқушы Даужан Бекетов екінші орын иеленіп, үздік үштікке енді.

Биыл халықаралық деңгейдегі бұл олимпиада Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды. Ауқымды білім додасына әлемнің 106 елінен 500-ге жуық оқушы, тәлімгер және қазылар алқасының мүшелері қатысты.

Бір апта бойы жас зерттеушілер машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің өзге де бағыттары бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар қатысушылар үшін білім беру, ғылыми және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Даужан Бекетов – әлемдік үздік үштікте

IOAI 2026 олимпиадасының жеке туры бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:

I орын – Артем Горохов (Ресей);
II орын – Даужан Бекетов (Қазақстан);
III орын – Шао Цзыси (Қытай).

Осылайша, қазақстандық оқушы халықаралық олимпиаданың абсолютті жеңімпаздары қатарынан көрініп, ел қоржынына маңызды жүлде салды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев олимпиадаға 100-ден астам ел өкілінің қатысуы жасанды интеллект саласындағы бәсекенің жаһандық деңгейге көтерілгенін көрсететінін атап өтті.

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

«Біз үшін мұндай деңгейдегі халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының алғаш рет Қазақстанда өткені және отандасымыздың абсолютті жеңімпаздар үштігіне еніп, екінші орын алуы ерекше маңызды», – деді министр.

Халықаралық командалар да сынға түсті

Олимпиаданың маңызды кезеңдерінің бірі Team Challenge командалық сайысы болды. Бұл кезеңде түрлі елдердің өкілдерінен құралған халықаралық командалар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, практикалық міндеттерді бірлесіп шешті.

Командалық жарыстың қорытындысы бойынша бірнеше арнайы марапат табысталды. Best Demonstration Award – роботтар сайысындағы үздік таныстырылым үшін Жаңа Зеландия құрамасына, Creative Robot Design Award – роботтың ең креативті дизайны үшін Гонконг құрамасына, ал AI-Native Robotics Award – робототехникада AI-native тәсілдерін үздік қолданғаны үшін Бразилия құрамасына берілді.

Астанада өткен IOAI 2026 Қазақстан үшін де маңызды оқиғалардың бірі болды. Олимпиаданың Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылуы және қазақстандық оқушының әлемнің үздік үштігіне енуі елдегі жасанды интеллект пен технологиялық білім беру саласының халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсетті.

Оқи отырыңыз