Қазақстандық балуандар допинг дауына ілікті: кімдер жарыстан шеттетілді?

Қазақстандық балуандар допинг дауына ілікті: кімдер жарыстан шеттетілді?
Фото: QaraSport

Қазақстандық қос балуан – еркін күрес шебері Нұрсұлтан Садық пен әйелдер күресінің өкілі Сабина Төрей антидопинг ережелерін бұзғаны үшін екі жылға спорттан шеттетілді. Спортшылардың допинг-сынамасынан тыйым салынған заттар анықталған. Ал Ұлттық антидопинг орталығының ресми тізімінде бұған дейін де бірнеше балуанға дисквалификация берілгені көрсетілген. 

Қос балуан екі жылға жарыстардан шеттетілді

3 қарашада Ұлттық антидопинг орталығы спортшылар Нұрсұлтан Садық пен Сабина Төрейдің допинг ережелерін бұзғаны туралы мәлімдеді. Еркін күрестен 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрсұлтан Садықтың  допинг-сынамасынан кломифен анықталған. Оның сынамасы 2025 жылы 6 желтоқсанда алынған. Спортшы 2026 жылғы 22 қаңтардан 2028 жылғы 21 қаңтарға дейін жарыстарға қатысу құқығынан айырылды.

Ал әйелдер күресінің өкілі Сабина Төрейдің 2026 жылғы 15 мамырда алынған допинг-сынамасынан сибутрамин табылған. Оның дисквалификация мерзімі 2026 жылғы 4 тамыздан 2028 жылғы 3 тамызға дейін белгіленген.

Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Садық – 2024 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы, сондай-ақ республикалық біріншіліктердің бірнеше дүркін жүлдегері. Ал Сабина Төрей бұған дейін жастар арасындағы жарыстарда өнер көрсетіп, 2025 жылы ересектер арасындағы Қазақстан кубогында қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ 2026 жылы Таразда өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс медаль жеңіп алған.

Бұған дейін тағы кімдер шеттетілді?

Ұлттық антидопинг орталығының ресми ақпаратына қарасақ, құжатта еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша әр жылдары дисквалификацияға ұшыраған 15 балуанның есімі бар.

Грек-рим күресі:

  • Әлібек Сарсенғалиев – болденон, тестостерон, оксандролон және анастрозол (2022 жылғы 26 тамыз – 2027 жылғы 25 тамыз);
  • Темірлан Өмірбай – мельдоний. (2023 жылғы 20 ақпан – 2027 жылғы 20 ақпан);
  •  Олжас Ерғали – кломифен. (2025 жылғы 12 мамыр – 2027 жылғы 12 мамыр);
  •  Азамат Қадыржанов – станозолол. (2025 жылғы 31 наурыз – 2028 жылғы 31 наурыз);
  • Ерзат Ерланов – станозолол және кломифен. (2026 жылғы 20 қаңтар – 2030 жылғы 19 қаңтар).

Еркін күрес:

  • Талғат Сырбаз – дростанолон. (2024 жылғы 30 сәуір – 2027 жылғы 30 сәуір);
  •  Азамат Омаржанов – оксандролон. (2024 жылғы 10 мамыр – 2027 жылғы 10 мамыр);
  • Әділет Дәулімбаев – дростанолон. (2024 жылғы 30 сәуір – 2028 жылғы 30 сәуір);
  • Мирас Сұлтанбек – мельдоний. (2026 жылғы 9 қаңтар – 2029 жылғы 8 қаңтар);
  • Әлібек Әбдіқасымов – дростанолон. (2026 жылғы 20 қаңтар – 2030 жылғы 19 қаңтар);
  • Нұрсұлтан Садық – кломифен. (2026 жылғы 22 қаңтар – 2028 жылғы 21 қаңтар).

Әйелдер күресі:

  • Ангелина Первухина – фуросемид. (2025 жылғы 27 маусым – 2027 жылғы 27 маусым);
  •  Мадхия Усманова – мельдоний. (2025 жылғы 13 қазан – 2029 жылғы 12 қазан);
  • Диана Асылбекова – фуросемид. (2026 жылғы 6 қаңтар – 2028 жылғы 5 қаңтар);
  • Сабина Төрей – сибутрамин. (2026 жылғы 4 тамыз – 2028 жылғы 3 тамыз).

Допинг сынамасы қай кезде алынады?

Допинг-бақылау тек жарыс аяқталғаннан кейін ғана жүргізілмейді. Спортшыдан сынама жарыс кезінде де, одан тыс кезеңде де алынуы мүмкін. Ұлттық антидопинг орталығының мәліметінше, бақылау ұлттық құрама мүшелеріне, жоғары басымдықтағы спорт түрлерінің өкілдеріне, мемлекеттік қаржыландыру алатын және жоғары нәтиже көрсететін спортшыларға қатысты жүргізіледі.

Орталықтың мәліметінде Нұрсұлтан Садық пен Сабина Төрейдің сынамалары жарыс кезінде алынғаны көрсетілгенімен, олардың нақты қай жарыстан кейін қан тапсырғаны әзірге белгісіз.

Оқи отырыңыз