Атыраулық әнші Санат Асуат Disney-дің «Моана» фильмінің орыс тіліндегі нұсқасында басты кейіпкердің вокалдық партияларын орындады. Жуырда Қазақстан атынан халықаралық вокалдық шоуға қатысқан өнерпаз үшін бұл жоба шығармашылық жолындағы жаңа белес болды.
«Әзербайжан дауысы» жобасынан Disney-ге дейін
Санат Асуат Атырауда дүниеге келген. Ол Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында музыкалық білім алған. Бұған дейін жетігенде ойнап, түрлі вокалдық байқауларға қатысқан әнші кейін кәсіби эстрада сахнасына бет бұрды.
Санат қалың көрерменге «Әзербайжан дауысы» жобасына қатысқаннан кейін кеңінен таныла бастады. Ол байқауда Қазақстаннан қатысқан жалғыз өнерпаз болды. Финалға дейін жетіп, көрермендердің 20 пайыз дауысын жинап, үшінші орын иеленді.
Қазақстандық әншінің өнері The Voice халықаралық франшизасы командасының да назарын аударды. Оның Seven Nation Army әнін орындаған сәті жобаның әлемдік топтамаларына екі рет еніп, аптаның және айдың үздік өнер көрсетілімдері қатарынан көрінді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Санат «Моанадағы» рөлі туралы не айтты?
Әнші жаңа жобасы туралы Instagram парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, Disney-дің «Моана» анимациялық фильмінің ойын актерлері қатысқан жаңа нұсқасының орыс тіліндегі дубляжында Моананың вокалдық партияларын орындаған. Санат бұл жұмыстың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Мені бұрыннан білетіндер бұл оқиғаның мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсінетін шығар.
Өнерпаз бала кезінен Disney туындыларын жақсы көретінін айтып, «Моана» фильмінде басты кейіпкердің әндерін орындау көптен бергі армандарының бірі болғанын жеткізді.
«Армандардың орындалатыны қандай жақсы!» – деп жазды әнші.
Осылайша, «Әзербайжан дауысы» жобасында өнер көрсеткен Санат Асуат енді Disney фильмінде Моананың әндерін орындап, шығармашылық жолындағы тағы бір маңызды белеске қадам басты.
Жаңа «Моана» қандай?
«Моананың» жаңа нұсқасы – Disney-дің әйгілі анимациялық хикаясының ойын актерлері қатысқан экранизациясы. Басты кейіпкер Моананы Кэтрин Лага’айя сомдаса, жартылай құдай Мауи рөлінде Дуэйн Джонсон ойнайды. Фильмнің режиссері – Томас Кейл.
Оқиға желісі бойынша Моана алғаш рет туған Мотунуи аралын қоршаған рифтен асып, үлкен мұхитқа сапар шегеді. Мауимен бірге қауіпті әрі шытырман саяхатқа аттанған ол өз халқының берекесін қайта қалпына келтіруге тырысады.
Фильмнің әлемдік премьерасы жазда өтіп, кейін халықаралық прокатқа шықты. Картина Қазақстан кинотеатрларында да көрсетіліп жатыр. Ал фильмнің орыс тіліндегі нұсқасында басты кейіпкердің әндерін қазақстандық Санат Асуат орындады.