Жаңалықтар

Қазақстандағы туристік жобаларға испандық инвестициялар тартылады

Қазақстандағы туристік жобаларға испандық инвестициялар тартылады
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 15.03.2024 09:32 214

Қазақстанның туристік саласының жаңа көкжиектерін ашу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың Мадрид қаласына іссапары шеңберінде БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының (ЮНВТО) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен, Испандық туристік сапа институтының (ICTE) Бас директоры Фернандо Фрайлемен, инновациялар мен туристік технологияларды басқару саласындағы испандық мемлекеттік компания «SEGITTUR» президенті Энрике Марин мен зерттеу, даму және туристік инновация директоры Карлос Ромеромен, «Ávoris Corporación Empresarial» компаниясының институционалдық байланыстар жөніндегі директоры Карлос Гарридо мен «Catai» испан туроператорының директоры Амайя Хилмен, сондай-ақ Испан бизнес ұйымдары конфедерацияның (CEOE) туризм, спорт және мәдениет жөніндегі директоры Инмакуладо Бенито мен «Grupo Barceló» қонақ үйлер желісінің өкілдіктерді кеңейту жөніндегі директоры Николас Ховермен кездесулері өтті.

ЮНВТО-дағы келіссөздер барысында Қазақстанның Дүниежүзілік туристік ұйыммен ынтымақтастығын жандандыруға бағытталған бірқатар бастамалары, соның ішінде еліміздің 2025-2029 жылдарға ЮНВТО Атқарушы кеңесіне сайлану мүмкіндіктері талқыланды.

Әңгіме соңында Ержан Еркінбаев З. Пололикашвилиге «Астана халықаралық форумына» (AIF 2024) шақыруды табыстады. Өз тарапынан ЮНВТО Бас хатшысы Қазақстанмен өзара іс-қимылды жоғары бағалап, өзінің AIF 2024-ке қатысуын қарастыруға дайын екенін білдірді.

ICTE басшылығымен кездесу шеңберінде бірқатар туристік сапа талаптарын сақтау және тұрақты даму мәселелері көтерілді. Нәтижесі бойынша испандық мемлекеттік мекеме мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ арасында ынтымақтастық орнатып, Қазақстанның ұлттық саябақтарын туристерге ашу және оның аясында туристік сапаны жақсарту бойынша зерттеу жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар, туристік және қонақ үй саласы компанияларымен кездесулерде елімізге испандық туристердің ағынын ұлғайтуға және Қазақстандағы туристік жобаларға испандық инвестицияларды тартуға қызығушылық танытылды.
 
Сонымен қатар, Испания Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі тарапынан Вице-министр Ержан Еркінбаевтың «Periodista Digital» жетекші испандық цифрлік баспасына жеке сұхбаты (Youtube арнасында) ұйымдастырылды.

Сұхбат барысында ол еліміздің туристік әлеуетінің жай-күйі туралы айтып, 2024 жылғы 8-14 қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға