Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің қатарында кім бар?

Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің қатарында кім бар?
Фото: AI көмегімен жасалды

Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелді атады. Қазақстанда әйелдердің бизнес пен мемлекеттік басқарудағы ықпалы артып келеді. Бірақ жоғары лауазымдарға жету жолы әлі де оңай емес.

Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегінше, 2015-2025 жылдары жоғары менеджменттегі әйелдердің үлесі 26,8%-дан 29,6%-ға өскен. Ал компаниялардың бас директоры қызметіндегі әйелдердің үлесі 19,1%-ды ғана құрайды.

Қазақстандағы жағдайды Forbes Kazakhstan-ның биылғы ең ықпалды 25 әйел рейтингі де көрсетеді. Тізімде қаржы, мемлекеттік басқару, бизнес, мәдениет, ғылым және қоғамдық сала өкілдері бар. Рейтингтің алғашқы төрттігі биыл өзгермеді.

Алғашқы төрттікте кімдер тұр?

Бірінші орында – Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. Ол бұл банкті 17 жылдан бері басқарып келеді. Екінші орында – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылқасымова. Үшінші орынға Аида Балаева, төртінші орынға Отбасы банк басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова жайғасты.

Қызығы, бұл рейтинг тек мемлекеттік қызметтегі немесе ірі бизнестегі әйелдермен шектелмейді. Мысалы, бесінші орында тұрған Асель Тасмағамбетова экология, қайырымдылық және кәсіпкерлік бағыттарымен танымал. Ал алтыншы орында балаларға көмек көрсететін «Милосердие» қорын басқаратын Аружан Саин бар.

Жаңа есімдер қосылды

Рейтингке биыл бес жаңа есім қосылған. Олардың қатарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, продюсер әрі кәсіпкер Баян Алагөзова бар.

Forbes бағалауынша, әйелдің рейтингке енуіне оның танымалдығы ғана емес, басқару деңгейі, бизнес ауқымы немесе белгілі бір салаға ықпалы әсер етеді. Сондықтан тізімдегі әйелдердің ортақ ерекшелігі – өз саласында нақты шешім қабылдап, үлкен жобалар мен институттарға ықпал ете алуы.

Рейтингке барлығы 170-тен астам әйел үміткер ретінде қарастырылып, кейін 55 адам сарапшылар бағалауына жіберілген. Қорытынды нәтиженің 90%-ын сарапшылардың бағасы құраған.

Оқи отырыңыз