Қазақстанда ауыл мен қала арасындағы айырмашылық туралы көп айтылады. Алайда елдің түкпір-түкпірінде тұрғындарға жайлы жағдай жасап, өзгелерге үлгі болып отырған елді мекендер де бар. Солардың бірі – Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы Максимовка ауылы.
Айбар Төлеубек есімді блогер арнайы барған сапарында кейбір тұрғындар бұл ауылды «Қазақстандағы ең бай ауыл» деп атайтынын алға тартты. Себебі мұнда жұмыссыздық жоқтың қасы, нанның бағасы небәрі 40 теңге, ал кәсіпорын қызметкерлеріне заманауи үйлер тегін беріледі.
1000-ға жуық тұрғыны бар ауыл
Максимовкада шамамен 1000 адам тұрады. Ауылдағы жағдайдың жақсаруына «Максимовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айтарлықтай үлес қосып келеді.
Кәсіпорын қаражаты есебінен ауылдағы жолдар жөнделіп, жаңа спорт кешені салынған. Сонымен қатар 12 бөлмелі қонақ үй үлгісіндегі жатақхана пайдалануға берілген.
Ең қызығы – серіктестік қызметкерлеріне жаңа әрі заманауи баспана тегін беріледі. Қазірдің өзінде ауыз сумен, ұзақ жанатын пештермен және жаңа жиһазбен жабдықталған 10 екі пәтерлі тұрғын үй бой көтерген.
Ауылда жұмыссыздық жоқ
Максимовканың тағы бір ерекшелігі – еңбекке жарамды тұрғындардың барлығы дерлік тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауылда мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысатын екі серіктестік жұмыс істейді. Осы кәсіпорындар жергілікті тұрғындарға жұмыс беріп отыр.
Жас мамандарға да ерекше жағдай жасалған. Бұған дейін ауылда жас қызметкерлерге арналған 12 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Ауылға жұмыс істеуге келген мамандар бұл үйде тегін тұра алады. Максимовка туралы айтқанда, көпшілікті таңғалдырған тағы бір жайт – нанның бағасы. Ауылда нан небәрі 40 теңге тұрады. Бұл көрсеткіш қазіргі баға жағдайында ерекше назар аудартады.
«Болашақ ауылдарының үлгісі»
Максимовканың жағдайы өңір басшылығының да назарынан тыс қалған емес.
Ақмола облысының бұрынғы әкімі Марат Ахметжанов ауылды «болашақтағы ауылдардың үлгісі» деп атаған. Оның айтуынша, мұнда тұрғындардың сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасалған.
Мұндағы басты ерекшелік – ауылды дамытуға мемлекетпен қатар ірі кәсіпорындардың да белсенді атсалысуы. Жол, спорт нысаны, тұрғын үй және жұмыс орындары – бәрі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етіп отыр.