Жаңалықтар

Қазақстандағы ең ауқатты 6 адам

Қазақстандағы ең ауқатты 6 адам
Фото: El.kz 18.04.2023 09:00 2839

Forbes журналы 2023 жылғы әлемдегі ең ауқатты адамдардың рейтингін жариялады. Олардың арасында Қазақстанның табысты байлары да бар. El.kz ақпараттық агенттігі Forbes-қа енген еліміздегі ең бай адамдары туралы дерек ұсынады.

Қазақстан бойынша ең ауқаттылардың көш басында Владимир Ким тұр. Ол «Kaz Minerals» президенті әрі «Kaz Minerals» тобының ауқымды акциясына ие. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясының мажоритарлық президенті. Forbes ұсынған рейтингте 591-орында орналасқан. Жылдық табысы 4,6 млрд доллар деп көрсетілген.

Ауқаттылар қатарына Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева да енген. Олар байлардың әлемдік рейтингінде 636-орында орналасқан. Әрқайсысының табысы 4,3 млрд долларды құрайды.

Тимур Құлыбаев жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «Фирма Алмэкс плюс» ЖШС және «Алмэкс холдинг тобы» АҚ-ның иесі. Холдинг арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дағы мажоритарлық үлестің иесі. 

Құлыбаев «Кипрос» ЖШС-ның негізгі иесі. «Кипрос» тобының құрамына «Viled Group» ЖШС, «Emdeu Group» ЖШС, «iQ Solutions» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС, Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент пен Дубайдағы жалпы аумағы 800 мың шаршы метрден астам коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын «Mercury Properties» ЖШС және «Қамқор» компаниялар тобы – «Қамқор Менеджмент» ЖШС, «Қамқор Локомотив», «Теміржол-энерго» және т.б. кіреді. 

Динара Құлыбаева – ауқаттылар рейтингіне енген жалғыз қазақстандық әйел. Ол Нұрсұлтан Назарбаев Білім қорының құрылтайшысы. Сондай-ақ жұбайы екеуі Halyk Bank акциясының 69,52 пайызына теңдей иелік етеді.

Құлыбаевтар әулеті карантин кезінде еліміздегі 40 мыңға жуық отбасын азық-түлікпен тегін қамтамасыз етіп, әлеуметтік көмек көрсеткен. «Қазақстан халқына» қорына да қомақты қаржы аударған.

Ең ауқатты адамдар тізімінен Вячеслав Кимді де көруге болады. Ол әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде 787-орында тұр. Жылдық табысы 3,6 млрд доллар. Вячеслав Ким Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Кеңес Рақышевпен және «Сәби» қайырымдылық қорымен бірлесіп «Өз бизнесіңді құр» жобасына жетекшілік етеді. Жыл сайын жобаға қатысатын 500-ден астам кәсіпкерге өтеусіз гранттар береді. Ол «Қазақстан халқына» қорына 10 млрд теңге бөлген.

Forbes ұсынған байлардың тізімінен қазақстандық қаржыгер, Freedom Holding негізін қалаған Тимур Турловты да көруге болады. Оның жылдық табысы  3,1 млрд доллар.

«БАСТ» АҚ, «Freedom Finance Insurance» АҚ және «Freedom Finance Life» АҚ сақтандыру компаниясы, «Chocofamily Holding», «Arbuz Group», «Naimi kz», «Relog» және «Cerebra» компанияларындағы акцияның басым бөлігіне ие. Сондай-ақ Қазақстан Шахмат федерациясының президенті.

Тимур Турлов қайырымдылықпен де айналысады. Мәселен, қаңтар қақтығысынан кейін Алматыны қайта қалпына келтіру үшін 2 млрд теңге бөлген. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорына да қомақты қаражат аударған ауқаттылардың бірі.  

2,7 млрд доллар табысы бар Болат Өтемұратов та Forbes ұсынған тізімде жүр. Ол Rixos Borovoe мен Астана, Мәскеу және Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйінің акциясына ие.

Сондай-ақ Glencore Plc трансұлттық компаниясының 1,16 пайыздық акциясына, сондай-ақ «ForteBank» АҚ 89,32 пайыз акциясына иелік етеді. Одан бөлек «Sky Mobile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі 49,9 пайыз акциясына ие болса, алтын өндіруші RG Gold және Қазақстандағы Burger King фастфуд франшизасында, Қарағандыдағы Сары-Арқа әуежайында да үлесі бар. Informburo.kz интернет-порталы мен «31 арна» телерадиокомпаниясының акцияларының басым бөлігі Өтемұратовқа тиесілі.

Қайырымдылық ретінде «Қазақстан халқына» қорына 10 млрд теңге аударған.

Сондай-ақ өткен жылдың күзінде Қостанай облысы Әулиекөл ауданында болған алапат өрттен жапа шеккен отбасыларға 1 млн теңге атаулы көмек беріп, Әулиекөл ауданының орталық ауруханасының базасында инсульт орталығын құруға және қондырғылармен қамтуға 1 млрд теңге бөлген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға