Жаңалықтар

Қазақстанда жыл сайын 500-600 бала онкологияға шалдығады - Таңсәуле Серіков

Қазақстанда жыл сайын 500-600 бала онкологияға шалдығады - Таңсәуле Серіков
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 14.06.2023 12:40 823

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков онкологиялық және онкогемотологиялық аурулармен ауыратын балаларға байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда елімізде осы аурумен ауыратын балаларға көмек облыстық және мемлекеттік деңгейде көрсетілуде. Бірақ депутат Таңсәуле Серіков елімізде бар жоғы 39 маман ғана барын айтты.

Барлық өңірлерді қосқанда 222 орын ғана бар. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Жалпы мемлекеттік, республикалық деңгейде екі орталық жұмыс істейді – Алматы қ. педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы  және Астана қ. "University Medical Center" корпоративтік қоры  Бұнда да 139 төсек (оның ішінде күндізгі стационарда 5 төсек) онкологиялық және гематологиялық бейіндегі балаларға арналған. "UMC" КҚ – да онкологиялық және гематологиялық бейіндегі 147 төсек бар (оның 10-ы күндізгі стационарда), - дейді депутат.

Бұл орталықтарда диагностика және диагнозды тексеру жүргізіледі, емдеудің барлық қажетті технологиялары қолданылады (химиотерапия, хирургиялық емдеу, гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау, сәулелік терапия).

Астанадағы ана мен бала орталығында бар жоғы 150 орын ғана, емделушіге орын жетіспеушілігі қатты сезілуде. Сол себепті Астанада заманауй балалар онкология орталығын ашу керек. Бұның бәрі соқыр адам көріп, саңырау адамның өзі ести алатын жағдай. Көрмес түйені де көрмес деп өтіп кетпеу керек, - деп нақтылады мәжілісмен.

2022 жылы екі республикалық медициналық ұйымда барлығы 4909 бала емделді (оның ішінде 2229 пациент – және 2680 бала)

Айта кету керек, дәрігерлер үшін онкологиялық сақтану бойынша тұрақты оқыту модульдерінің нәтижесінде 1-2 кезеңдегі ісіктердің диагностикасы айтарлықтай өсті: 2014 жылғы 15% - дан 2022 жылы 49,4% - ға дейін.

Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ерте диагностиканың төмен көрсеткіштері Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Астана және Алматы қалаларында байқалады.

Қазақстанда жылына орта есеппен 500-600 балада онкология анықталады екен. Бүгінгі күні күніне 15-20 бала түседі. Бұл дегеніңіз, балалар мен ата-аналар үшін үлкен соққы, кесілген үкім сияқты. Өмір мен өлімнің арасындағы балалардың үміт күтіп жаутандаған көздерін көрген адам шыдап тұра алмайтын халде. Баласы үшін әр ата-ана неге болсын барады, басын тауға да тасқа да ұрып, қолдан келгенін жасайды. Бірақ бәрінің шамасы, жағдайы келмейді, - деп түсіндірді Таңсәуле Серіков.

Депутат ауылдарда, аудандарда тұратын адамдар баланың емін тұрақты түрде жасау үшін қалаға келетінін айтты. Қалаға келген оларға тұратын жер, азықтүлігі, тағы да басқа керек жарақтар, емі үшін көптеген қаржы керек. Тіпті, кезектерін айлап күтеді. Себебі маман аз, орын жоқ.

Кезегі келгенше ол бала бар бола ма, жоқ бола ма өздеріңіз түсінген боларсыздар. Балалардағы онкологиялық және гемотологиялық ауруларын емдейтін орталықтар көпсалалы клиника болып салынғандықтан ондағы жоспарлау, желдету жүйесі, материалдардың сапасы стандарттарға сай емес. Орталықтардағы орынның аздығынан, ауруы анықталған балалардың көптігінен және оларлы күтетін ата-аналарын қосқанда, кезек көптігінен ол жерде эпидемиялогиялық жағдай ушығуда, - деді ашығын айтқан депутат.

Орталықтарда КТ, МРТ, рентгендік аппараттар жетіспейді, ал бар аппараттардың сапасы сын көтермейді. Ауруды дер кезінде анықтай алмай жатады.

Сонымен қатар, молекулярлы генетикалық диагностика жоқ десе болады. Себебі қазіргі онкология мен гемотология 100 пайыз молекулярлы генетикалық әдіспен анықталады. 

Операция жасату үшін хирургияда кезекте тұрады пациенттер, бұл дегеніңіз масқара және өте аянышты дүние. Операцияға кезекте тұрғандарды елестетіп көріңіздер. Олар үшін әрбір секунд қымбат, әрбір минут алтыннан артық. Түсінесіздер ме? Маман аз болған соң уақыт жетпейді, міне нәтиже, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Сондай-ақ онкологиялық ауруы бар балаларға мүгедектігін рәсімдеу үлкен қиындық туғызуда, және көп уақыт алуда. Тағы да айтарымыз, онколог және гемотолог мамандарының өте аздығы. Сол себепті, жас дәрігерлер мен орта санаттағы медициналық мамандарды елімізде және шет елдерде оқытса, елімізде білікті мамандар болар еді.

Осы жоғарыда айтылған қиындықтардың көптігінен ауырған жас балалар дер кезінде қажетті емдерін ала алмауда. Әр бала Қазақстанның болашағы. Біздер ауырған балаларға ем-шараларын дұрыс деңгейде, қажет кезде көрсете алмайтын шарасыз жағдайда болсақ, басқа жұмыстарды қатырамыз деп қалай айта аламыз, - деп дабыл қақты Мәжіліс депутаты.

Жоғарыдағы мәселелерді ескере келе, мына шараларды қабылдауды өтінді.

1. «Самұрық-қазына» акионерлік қоғамы немесе «Қазақстан халқы» әлеуметтік қоғамдық қорымен бірлесе отыра, алдыңғы қатарлы құрылғылары бар заманауи орталық құрылысын бастау;

2. Онкология ауруы анықталған балаларға мүгедектігін бірден жедел беру механизмін қарастыру;

3. Тұрақты негізде балаларда онкологиялық аурулардың пайда болу себептерін анықтау жүйесін құру.

Осы шаралар қабылданса, балалар мүгедектігі мен өлімі төмендеп, олардың өмір сүру жағдайы жақсарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға