Қазақстанда жұмыс берушілердің қызметкерлерге жұмысқа кешіккені, қателік жібергені немесе еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салуға құқығы жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қызметкерлерге ақшалай айыппұл салу тәртіптік жаза ретінде қарастырылмаған.
Дегенмен жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін, ішкі еңбек ережелерін сақтауды және лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындауды талап ете алады. Бірақ бұл талаптарды бұзғаны үшін жалақысынан өз бетінше ақша ұстап қалуға болмайды.
ҚР Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, еңбек тәртібін бұзған қызметкерге мынадай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін:
-
ескерту;
-
сөгіс;
-
қатаң сөгіс;
-
заңда көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.
Заңда белгіленбеген өзге тәртіптік жазаларды қолдануға тыйым салынады.
Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Оның орнына заңда қарастырылған тәртіптік шаралардың бірін қолдануға құқылы.
Алайда тәртіптік жаза негізсіз тағайындалмауы тиіс. Жаза қолданар алдында жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Сондай-ақ тәртіп бұзушылықтың сипаты, ауырлығы және оған себеп болған жағдайлар ескерілуі қажет.
Қандай жағдайда жалақыдан ақша ұстауға болады?
Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қалуға рұқсат етілетін жағдайлар көрсетілген.
Ал заңда көзделген кейбір өзге жағдайларда жалақыдан қаражат ұстау үшін қызметкердің жазбаша келісімі қажет.
Осылайша, жұмысқа кешіккені немесе еңбек тәртібін бұзғаны үшін қызметкерге өз бетінше ақшалай айыппұл белгілеу заңға қайшы. Жұмыс беруші тек Еңбек кодексінде көзделген тәртіптік шараларды заңда белгіленген рәсімдерді сақтай отырып қолдана алады.