Бүгін Астанада Қазақстанда өндірілген Stadler жолаушылар вагондары алғаш рет жолға шықты. Заманауи вагондар енді Астана – Алматы бағытында күн сайын қатынайды. Жаңа пойызда жолаушыларға қандай жағдай жасалған, оның бұрынғы Talgo вагондарынан айырмашылығы неде және Алматыға қанша уақытта жетеді? El.kz тілшісі «Нұрлы жол» вокзалына барып, жаңа вагондарды көріп қайтты.
Жаңа вагондар несімен ерекше?
«Нұрлы жол» вокзалында жаңа Stadler вагондарын салтанатты түрде жолға шығару рәсімі өтті. Іс-шара қарсаңында журналистерге вагондардың ішкі жабдықталуы көрсетіліп, жолаушыларға арналған жаңа мүмкіндіктер таныстырылды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Сұңқар» филиалының директоры Медет Махатовтың айтуынша, Stadler вагондарының басты ерекшеліктерінің бірі – олардың алюминийден жасалған жеңіл корпусы мен автоматтандырылған басқару жүйесі.
Жаңа вагондардың басты ерекшелігі – заманауи технологиялармен жабдықталғанында. Көптеген жүйе автоматты түрде жұмыс істейтіндіктен, жолсеріктердің оларды қолмен реттеуінің қажеті жоқ. Сондай-ақ вагондардың құрылымы жетілдірілген. Соның арқасында пойыз бірқалыпты қозғалып, жолаушылар жолдағы шайқалуды аз сезінеді, – деді Медет Махатов.
Жаңа вагондар Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген. Олар қыста –50 градусқа дейінгі аязға, жазда +45 градусқа дейінгі ыстыққа төтеп бере алады. Қызмет ету мерзімі 40 жылға есептелген.
Купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 58 адамға арналған.
Stadler пойызы Астанадан Алматыға қанша уақытта жетеді?
Жаңа Stadler пойызы Астанадан Алматыға Talgo-ға қарағанда ұзағырақ уақытта жетеді. Мұның себебін «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Сұңқар» филиалының директоры Медет Махатов түсіндірді.
Stadler пойызы Астанадан Алматыға 19 сағат 20 минутта жетеді. Ал бұған дейін осы бағытта жүрген Talgo пойызына 17,5 сағат қажет болатын. Кәдімгі жолаушылар пойыздары бұл жолды шамамен 24 сағатта жүріп өтеді. Қазір теміржолдың жағдайы пойыздардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік бермейді. Алдағы уақытта жол жүру уақытын қысқарту бағытында жұмыс істейміз, – деді ол.
№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы Астанадан күн сайын сағат 13:10-да шығып, келесі күні таңғы 08:30-да Алматыға жетеді.
Әр купедегі температураны жолаушылар өздері реттей алады
Жаңа Stadler вагондарында жолаушылардың жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Бұрын вагон ішіндегі температура бәріне бірдей реттелсе, енді әр купедегі жолаушылар өздеріне қолайлы температураны таңдай алады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының PR-қызметінің маманы Нұрсұлтан Ибраев жаңа вагондарда жолаушыларға қандай жағдай жасалғанын айтып берді.
Әр купеде температураны өз қалауыңызша реттеп, кондиционерді қосуға немесе өшіруге болады. Сондай-ақ әр жолаушыға жеке жарық шамы орнатылған. Мысалы, түнде кітап оқығыңыз келсе, өзгелерге кедергі келтірмей, өз шамыңызды жаға аласыз. Тіпті жарықты қалаған жағыңызға бұруға болады, – деді ол.
Купелерде телефон мен басқа да құрылғыларды қуаттауға арналған розеткалар, USB және USB-C ұяшықтары бар. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін өрт сөндіру жүйесі мен түтін датчиктері де орнатылған.
Сонымен қатар пойызда спутниктік интернет жұмыс істейді. Медет Махатовтың айтуынша, бұл қызметті «Транстелеком» компаниясы ұсынады.
Жаңа вагондардағы жайлылыққа ерекше көңіл бөлінген
Stadler вагондарында жолаушылардың жайлы демалуына да жағдай жасалған. Купедегі орындықтарды күндіз отырып, түнде ұйықтайтындай етіп өзгертуге болады.
Нұрсұлтан Ибраевтың айтуынша, жаңа вагондардағы жатын орындар бұрынғы Talgo вагондарымен салыстырғанда кеңірек.
Жатын орынның ұзындығы шамамен 190 сантиметр. Сондықтан бойы ұзын жолаушылар да еркін жата алады. Матрастар осы вагондарға арнайы жасалған. Олардың сырғанамайтын жабыны бар. Соның арқасында пойыз жүріп келе жатқанда матрас орнынан жылжымайды, – деді ол.
Жолаушыларға төсек-орын жабдықтары беріледі. Жаңа вагондар үшін жастықтар мен жамылғылар да арнайы дайындалған. Купелерде жеке заттарды қоятын орындар бар. Ал жоғарғы орынға көтерілу үшін ыңғайлы баспалдақтар орнатылған.
Сонымен қатар мүгедектігі бар жолаушылар үшін арнайы жабдықталған купе қарастырылған. Әр вагонда жолсеріктердің жұмыс істеуіне және демалуына арналған бөлек бөлмелер бар.
Пойызда тамақтану қанша тұрады?
Stadler пойызында жолаушыларға арналған буфет те жұмыс істейді. Мұнда ыстық тамаққа тапсырыс беріп, оны сол жерде ішуге болады.
«Qazaqstan Catering Solutions» компаниясының купе-буфет меңгерушісі Әсел Сайлаудың айтуынша, тағам бағасы шамамен 2700 теңгеден басталады.
2700 теңгеге негізгі ыстық тағам, салат, десерт және тоқаш кіреді. Сонымен қатар ас құралдары мен ылғалды майлық беріледі. Жолаушылар буфетке келіп, мәзірден қалаған тағамын таңдай алады. Біз оны жылытып, ұсынамыз, – деді Әсел Сайлау.
Мәзірде тауық котлеті мен картоп езбесі, фрикасе, палау және тайша дайындалған ет бар. Ал шай, кофе және өзге де сусындар бөлек сатылады. Әсел Сайлаудың сөзінше, кейбір сусындардың бағасы шамамен 700 теңгеден басталады.
Қазақстанда 557 Stadler вагоны шығарылмақ
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жаңа вагондарды іске қосу отандық теміржол саласын жаңғыртудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жобаның басты ерекшелігі – вагондардың Қазақстан аумағында өндірілуі.
Бұл тек жолаушылар вагондарын жаңарту ғана емес. Елімізде жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жоба. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді теміржол тасымалын қамтамасыз ету, – деді Жәнібек Тайжанов.
Вице-министр Швейцарияның Stadler компаниясымен ынтымақтастық отандық өнеркәсіпті дамытуға да ықпал ететінін жеткізді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, бүгінде компания 100-ден астам жаңа Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшарт аясында 2030 жылдың соңына дейін барлығы 557 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ вагондарға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсету көзделген.
Ал 13 қарашада Stadler вагондарымен жасақталған келесі пойыз «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша алғашқы сапарына аттанады. Алдағы уақытта жаңа вагондар басқа бағыттарға да кезең-кезеңімен енгізіледі.
Жолаушылар билеттерді bilet.railways.kz сайты мен теміржол кассаларынан сатып ала алады.