Қазақстанда жасалған: әлемге жол тартқан отандық өнімдер

Қазақстанда жасалған: әлемге жол тартқан отандық өнімдер
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстандық өнімдер бүгінде әлемнің 127 еліне экспортталады. Олардың қатарында астық пен ұн ғана емес, қымыз, құрт, ет, кондитерлік өнімдер, сусындар мен басқа да дайын тауарлар бар. Кейінгі жылдары отандық өнімдердің экспорт географиясы кеңейіп, Африка, Азия және Еуропаның жаңа нарықтарына жол ашылды. Ал Қытай мен Таиландта қазақстандық тауарларды таныстыратын арнайы сөрелер жұмыс істеп тұр.

Экспорттағы дайын өнімнің үлесі артып жатыр

Бүгінде Қазақстанда өндірілген тауарлардың шамамен 44%-ы экспортқа шығарылады. 2026 жылдың алғашқы бес айында шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,5%-ға артып, 11,8 млрд долларға жеткен.

Соңғы бес жылда жоғары деңгейде өңделген өнім экспорты да 2,5 есе өсіп, 4,2 млрд доллардан 11,1 млрд долларға жетті. Оның шикізаттық емес экспорттағы үлесі 38,8%-ды құрайды.

Қазақстандық тауарлардың экспорт географиясы да біртіндеп кеңейіп келеді. Қазір отандық өнімдер әлемнің 127 еліне жеткізіледі, ал экспортқа шығарылатын белсенді тауар түрлерінің саны 4 мыңға жуықтаған.

Алдағы уақытта Қазақстан шикізаттық емес экспортты одан әрі арттыруды көздеп отыр. 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасына сәйкес, оның көлемін 52 млрд долларға жеткізу жоспарланған.

Құрт пен қымыз да экспорттық өнімге айналып келеді

Шетелге шығатын қазақстандық өнім дегенде ойға бірден астық немесе шикізат келуі мүмкін. Алайда кейінгі жылдары қазақтың дастарқанынан түспейтін ұлттық тағамдарға да шетелде сұраныс артып келеді.

QazTrade мәліметінше, қымыз, құрт, қазы секілді ұлттық өнімдердің сыртқы нарықтағы әлеуеті жоғары. Соның ішінде Ресей мен Қытай негізгі бағыттардың қатарында аталады.

Ресей нарығында құрт пен қымызға сұраныс бар. Ал Қытайда, әсіресе Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында халал өнімдер мен ет деликатестеріне қызығушылық байқалады. Бұл нарықтардағы сұраныстың қалыптасуына қазақ диаспорасының да ықпалы бар.

Дәстүрлі сүт өнімдерінің экспорты да өсіп келеді. 2024 жылы оның көлемі 13,4 млн доллар болса, 2025 жылы 17,3 млн долларға жеткен. Бір жылдағы өсім – 29,4%.

QazTrade сарапшылары жүйелі қолдау көрсетілген жағдайда 2028 жылға қарай ұлттық өнімдер экспортының көлемі 50-80 млн долларға дейін жетуі мүмкін деп бағалайды.

Дегенмен ұлттық өнімдерді алыс елдерге жеткізудің өзіндік қиындығы бар. Мәселен, табиғи қымыз салқын күйінде небәрі 3-5 күн сақталады. Бұл оны алыс нарықтарға тасымалдауды қиындатады.

Сондықтан өндірушілер жаңа технологияларды пайдалана бастады. Қазір сақтау мерзімі 30 күнге дейін жететін пастерленген қымыз шығарылса, лиофилизация әдісімен дайындалған ұнтақ қымыз Қытайға экспортталып жатыр.

Қазақстан астығы Африка мен Азияға жетті

Қазақстанның сыртқы нарықтағы негізгі өнімдерінің бірі – астық. Кейінгі жылдары экспорт көлемі артып, қазақстандық астық жаңа нарықтарға шыға бастады.

2024-2025 жылдары Қазақстаннан экспортталған астық пен ұн көлемі рекордтық 15,3 млн тоннаға жетті.

«Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 30 шілдеге дейін Қазақстан 13,9 млн тонна астық пен астық баламасындағы ұн экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 12,4 млн тоннамен салыстырғанда 12,6%-ға көп.

Отандық астық дәстүрлі нарықтармен қатар жаңа бағыттарға да шығып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және Еуропаның бірқатар елінің нарығына жеткен.

Экспортты ынталандыру шараларының арқасында қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарықтарына шықты, сондай-ақ Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жеткізілімдер қайта жанданды, – деді Азат Сұлтанов.

Қытайға жеткізілетін өнімнің де түрі көбейіп келеді. Соның бірі – жемдік ұн. Оның экспорты 2,4 есе артып, шамамен 3 млн тоннаға жеткен. Бұл төртінші және бесінші сұрыптағы астықты қайта өңдеп, оған сыртқы нарықтан тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 37%-ға өсіп, 7 млрд долларға жеткен. Оның жартысынан астамын қайта өңделген өнім құрайды.

Қазақстандық қой етін қай елдер сатып алады?

Экспортта үлесі артып келе жатқан тағы бір өнім – қой еті. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан 12,1 мың тонна қой етін шетелге шығарған. Оның жалпы құны 35,4 млн долларға жетті.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 29,5%-ға, ал ақшалай көрсеткіш 2,1 есе өскен.

Қазақстандық қой етінің негізгі сатып алушысы – Өзбекстан. Биыл бес айда көрші елге 33,6 млн доллардың өнімі жөнелтілген. Бұл Қазақстаннан экспортталған қой етінің 94,9%-ын құрайды.

Отандық қой еті Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар мен Тәжікстанға да жеткізіледі. Алайда бұл бағыттарда биыл төмендеу байқалған. БАӘ-ге экспорт шамамен екі есе азайып, 1,1 млн долларды, Қатарға жеткізілім 417,8 мың долларды, ал Тәжікстанға 227 мың долларды құраған.

Сарапшылар Өзбекстанға қой еті экспортының күрт өсуін көрші елдегі ет бағасының қымбаттауы және импортты қолдауға бағытталған уақытша шаралармен байланыстырады. Сондықтан қазіргі өсімді бұл нарықта қазақстандық қой етіне тұрақты сұраныс толық қалыптасты деп бағалауға әлі ерте.

Бейжіңнен Бангкокқа дейін: отандық өнімдер арнайы сөрелерде

Өнімді шығару жеткіліксіз, оны шетелдік сатып алушыға таныстыру да маңызды. Осы мақсатта QazTrade шет мемлекеттерде серіктестік кеңселер мен демонстрациялық сөрелер арқылы қазақстандық тауарларды ілгерілетіп келеді.

Қазір Қытайдың Бейжің, Ухань, Нанкин, Аньхой, Тяньцзинь және Шанхай қалаларында QazTrade-тің серіктестік кеңселері жұмыс істейді.

Онда қазақстандық өндірушілердің өнім үлгілері тұрақты түрде қойылған. Олардың қатарында азық-түлік, киім және тоқыма бұйымдары, жемдік ұн, дәнді және майлы дақылдар, құрғақ түйе сүті, макарон өнімдері, алкогольсіз сусындар, кондитерлік өнімдер мен түрлі снектер бар.

Бұл кеңселерде отандық өнімдер тек көрмеге қойылып қана қоймайды. Қазақстандық экспорттаушыларға әлеуетті импорттаушылармен, дистрибьюторлармен және сауда желілерімен келіссөз жүргізуге, іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік беріледі.

Отандық тауарлар Оңтүстік-Шығыс Азияда да таныстырылып жатыр. Таиланд астанасы Бангкоктағы Қазақстан елшілігінің аумағында тұрақты демонстрациялық экспозиция ұйымдастырылған.

Оның сөрелерінен қазақстандық ұн, макарон, кондитерлік өнімдер, печенье, вафли, шоколад, минералды су, табиғи шырындар, бал, өсімдік майы, дәнді және бұршақ дақылдары, құрғақ түйе сүті мен органикалық азық-түлікті көруге болады.

Мұнда өнімдердің таныстырылымдары мен дәм тату шаралары өткізіліп, әлеуетті импорттаушылар, сауда желілері және дистрибьюторлармен кездесулер ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – қазақстандық өнімдерді Таиландпен ғана шектемей, Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдеріне де шығару.

Келесі сауда сөресі Түрікменстанда ашылуы мүмкін

Қазақстандық өнімдерге арналған тағы бір демонстрациялық сауда сөресін Түрікменстанда ашу жоспарланып отыр.

Қазір QazTrade жергілікті супермаркеттердің бірінде осындай алаң ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Демонстрациялық экспозицияға қойылатын қазақстандық өндірушілердің өнім үлгілері жиналуда.

Жоба жүзеге асса, отандық тауарлар Түрікменстан нарығында тұрақты түрде таныстырылып, жергілікті сауда желілері, импорттаушылар мен дистрибьюторлар қазақстандық өндірушілердің өнімдерімен тікелей таныса алады.

Қазақстандық тауарлар Carrefour мен Lulu сөрелеріне шыға ма?

Қазақстан үшін келесі қадам – тауарларды арнайы көрме сөрелерінде таныстырумен шектелмей, халықаралық сауда желілерінің тұрақты ассортиментіне енгізу.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазір отандық өнімдерді Lulu Hypermarket, Carrefour, Gross, Panda, Spinneys секілді ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыруға бағытталған жаңа қолдау шарасы пысықталып жатыр.

Келесі кезең – дайын өнімді сыртқы нарыққа ілгерілету. Ол үшін отандық өнімді Lulu Hypermarket, Carrefour, Gross, Panda, Spinneys және басқа да ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру жөніндегі жаңа қолдау шарасы пысықталып жатыр, – деді Арман Шаққалиев.

Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Орталық Азия, Қытай, Таяу Шығыс пен Еуропа басым нарықтар ретінде қарастырылып отыр.

Экспорттаушыларға қаржылай қолдау да көрсетіледі. 2026 жылдың бірінші жартысында Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы көрсетілген сақтандыру қолдауы 400 млрд теңгеден асқан. Жыл соңына дейін оны 1,2 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар экспорттаушылардың логистикалық шығындарын өтеуге жыл сайын 6 млрд теңге бөлінеді.

«Қазақстанда жасалған» сапа белгісіне айнала ма?

Қазақстандық өнімдердің жаңа нарықтарға шығуы отандық өндірушілер үшін қосымша мүмкіндік ашып отыр. Ендігі міндет – тауарды шетелге бір рет жеткізумен шектелмей, сол нарықта тұрақтап, өз тұтынушысын қалыптастыру.

Үкімет «Қазақстанда жасалған» атауын жеке бренд ретінде дамытуға мән беріп отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық таңба өнімнің қай елде өндірілгенін ғана емес, оның сапасын да білдіруі керек екенін айтты.

«Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Оқи отырыңыз