Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа министрлік құрылады

Қазақстанда жаңа министрлік құрылады
Фото: t.me/KZgovernment 01.09.2023 11:52 629

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент бұл туралы Қазақстан халқына жолдауында айтты. Себебі елімізде суды тиімді пайдалану өзекті мәселе екені сөзсіз. Тиісінше оны үнемдейтін технологиялар енгізілуі қажет. Сол үшін де инфрақұрылымды жаңарту уақыт талабына айналды.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ енді суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлейді. Президенттің айтуынша, бұл да үнемдеудің бір тәсілі.

Судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуы тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді, - деді мемлекет басшысы.

Ал талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылмақ. Оның бәрін енді жаңадан құрылатын министрлік бақылайтын болады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады, - деді президент.

Сонымен қатар министрлік аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Президент еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын да сөз етті. Мұндай өзгерістер «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларды күтіп тұр.

Тоқаев Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселеге айналған су тапшылығының артуын Үкіметке көрші елдермен бірлесіп шешуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға