Қазақстанда жаңа ереже: үйіңіздің маңайын тазаламасаңыз, айыппұл арқалайсыз

Қазақстанда жаңа ереже: үйіңіздің маңайын тазаламасаңыз, айыппұл арқалайсыз
Фото: El.kz

1 шілдеден бастап Қазақстанда қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді тұрғындар өз үйінің айналасындағы 5 метр радиустағы аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл нені білдіреді және қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін?

Не өзгерді?

Айыппұл мөлшері өзгерген жоқ, алайда енді полиция мен әкімдіктердің құқық бұзушылық үшін хаттама толтыруына негіз көбейді. Себебі жауапкершілік аумағы заң жүзінде нақты белгіленді.

Ең маңызды жаңалық – «іргелес аумақ» ұғымының заңмен бекітілуі. Енді бұл – ғимараттың, құрылыстың немесе қоршаудың сыртынан 5 метрге дейінгі жер телімі. Осы аумаққа қоқыс тастау немесе оны ластау құқық бұзушылық болып есептеледі.

Жаңа қағидаларға сәйкес, қоғамдық аумақта ұзақ уақыт бойы мыналарды қалдыруға болмайды:

  • автокөліктер;
  • тіркемелер мен арбалар;
  • құрылыс материалдары;
  • отын мен тыңайтқыштар.

Мысалы жеке қажеттілік үшін әкелген құмды, қиыршық тасты немесе отынды қоршаудың сыртына ұзақ уақытқа қалдыруға болмайды. Сондай-ақ көлікті көгалға, тротуарға, балалар алаңына немесе қоқыс контейнерлерінің жанына қоюға тыйым салынады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Жеке үй иелері не істеуге міндетті?

Жаңа талаптарға сәйкес, жеке тұрғын үй иелері:

  • үйдің нөмірлік белгісін орнатып, оны жарамды күйде ұстауы;
  • өз учаскесі мен оған іргелес аумақты таза ұстауы;
  • қоқысты уақытылы жинауы;
  • арамшөптерді шабуы;
  • ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасауы;
  • қыста қар мен мұзды тазалауы;
  • қоршау мен қасбетті уақытында жөндеп, сырлап отыруы тиіс.

Құрылыс қалдықтарын ортақ қоқыс контейнерлеріне тастауға немесе іргелес аумақта қалдыруға болмайды. Мұндай қалдықтарды меншік иелері өз қаражаты есебінен арнайы белгіленген орындарға шығаруы қажет.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Қандай айыппұл қарастырылған?

Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша:

  • жеке тұлғаларға – 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге);
  • шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • орта бизнеске – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • ірі бизнеске – 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері ұлғаяды. Сонымен қатар, ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 434-2-бап бойынша 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс және қайталанса – 20 АЕК (86 500 теңге) немесе 80 сағат қоғамдық жұмыс қарастырылған.

Бұрын мұндай хаттамаларды тек полиция рәсімдейтін. Енді әкімдіктердің абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің инспекторлары да құқық бұзушылықты анықтап, өз бетінше хаттама толтырып, айыппұл сала алады.

Құқық бұзушылық полиция патрульдеу кезінде, 102 нөміріне түскен хабарлама арқылы, бейнежазбалар негізінде және әкімдік инспекторларының рейдтері кезінде анықталуы мүмкін.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Айыппұл төлегенмен, қоқысты жинау міндеті сақталады

Айыппұл төлеу құқық бұзушылықты жоймайды. Меншік иесі қоқысты өз қаражаты есебінен белгіленген мерзімде тазалауға міндетті. Егер талап орындалмаса, сол құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапкершілікке тартылып, қосымша айыппұл салынуы мүмкін.

Егер қоқысты басқа адам әкеліп тастаған болса да:

  • жеке үй немесе коммерциялық нысаннан 5 метр радиуста орналасса, оны меншік иесі өз қаражатына жинауға міндетті;
  • көпқабатты үйдің ауласында болса, тазалауды ПИК, МИБ (ОСИ) немесе басқарушы компания ұйымдастырады;
  • ал 5 метрлік жауапкершілік аймағынан тыс қалалық аумақтағы қоқысты аудан әкімдігі бюджет қаражаты есебінен жинауға тиіс.

Сондықтан көпқабатты үйлердің МИБ-тері (ОСИ) қоқыс тастаған адамдарды анықтау үшін аулаларға бейнебақылау камераларын көбірек орнатып жатыр.

Айта кетейік, енді қоқыс пен темекі тұқылын тастағандарға да айыппұл автоматты түрде келеді.

Оқи отырыңыз