Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 52,9% өсті

Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 52,9% өсті
Фото: © pixabay.com

Кейінгі жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 52,9% өсіп, 15 006 долларға жетті. Осы кезеңде ел экономикасы 2020 жылғы пандемияның салдарына қарамастан, нақты мәнде 28,9% ұлғайды. 2019-2025 жылдар аралығындағы экономиканың орташа жылдық өсімі 3,7%-ды құрады.

Экономикалық өсім бірнеше салада қатар байқалды. Оның негізгі қозғаушы күші нақты сектор болды. Соңғы жеті жылда тауар өндіру көлемі 38,8% артты.

Ең жоғары өсім құрылыс саласында тіркелді: оның көлемі 2,4 есе ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі – 41,8%, ауыл шаруашылығы – 25,6%, ал тау-кен өнеркәсібі 14,9% өсті.

Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы мен нақты сектордағы өндірістің артуы қызмет көрсету саласының дамуына да оң әсер етті. Жеті жылда көрсетілген қызметтердің көлемі 22,1% ұлғайды. Атап айтқанда, сауда – 44,1%, көлік қызметтері – 38,4%, байланыс саласы 56,4% өсті.

Осы кезеңде экономикаға құйылған инвестиция көлемі де артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 65,9% өсіп, 23,5 триллион теңгеге жетті. Ал жеті жылдағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 155,7 миллиард долларды құрады.

Инвестициялық белсенділіктің артуы өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтіп, экспорттық әлеуетті нығайтуға ықпал етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындарға көрсетілген қолдау мен басымдық берілген сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігінің кеңеюі нәтижесінде шикізаттық емес экспорт көлемі 1,8 есе ұлғайды. Осылайша, экспорт көлемі 15,8 миллиард доллардан 28,8 миллиард долларға дейін өсті.

Экономиканың дәстүрлі салаларында да өндіріс көлемі артты. Мұнай өндіру көрсеткіші 9,2 миллион тоннаға өсіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 миллион тоннаға жетті.

Экономикадағы оң өзгерістердің тағы бір көрсеткіші – еңбек өнімділігі. Жалпы ел экономикасы бойынша бұл көрсеткіш 21,7% артты.

Жекелеген салаларда еңбек өнімділігінің өсімі орташа деңгейден әлдеқайда жоғары болды. Құрылыста ол – 2,3 есе, ауыл шаруашылығында – 66,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 32%, сауда саласында 28,9% өсті.

Осылайша, жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі өндіріс көлемінің ұлғаюымен, инвестициялардың артуымен, шикізаттық емес экспорттың кеңеюімен және еңбек өнімділігінің жоғарылауымен қатар жүрді.

Экономикалық өсім бір ғана саланың есебінен қалыптасқан жоқ. Құрылыс пен өңдеу өнеркәсібінің дамуына ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және байланыс салаларындағы өсім де үлес қосты.

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасы пандемия кезеңі мен сыртқы жағдайлардың өзгеруіне қарамастан, оң өсім қарқынын сақтап қалды.

Оқи отырыңыз