Қазақстанда жалақы кешіктірілсе, ақшаны өсімпұлымен қалай қайтаруға болады?

Қазақстанда жалақы кешіктірілсе, ақшаны өсімпұлымен қалай қайтаруға болады?
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерге жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың алғашқы он күнінен кешіктірмей төлеуге міндетті. Жалақы төленетін нақты күн еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді.

Егер төлем күні демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, жалақы сол күнге дейін алдын ала төленуі тиіс. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалақы уақытында төленбеген жағдайда қызметкер алдымен жұмыс берушіге жүгініп, берешекті өтеуді талап ете алады. Егер мәселе шешілмесе, жұмыс беруші орналасқан жердегі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне шағым түсіруге құқылы. Сондай-ақ өтінішті eOtinish электрондық платформасы арқылы онлайн жолдауға болады.

Шағымға еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешектің бар екенін растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет. Олардың қатарына еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банктік үзінді көшірмелер, жұмыс берушінің бұйрықтары және басқа да дәлелдемелер жатады.

Өтініш түскеннен кейін тиісті негіздер болған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру жүргізеді. Егер жұмыс берушінің жалақы бойынша берешегі расталса, оған заңбұзушылықты жою және қарызды толық өтеу туралы нұсқама беріледі.

Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерге негізгі қарыздан бөлек, жалақыны кешіктірген әрбір күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Өсімпұл мөлшері берешек өтелетін күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген көлемі негізінде есептеледі.

Жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ өсімпұлды есептемегені немесе төлемегені үшін жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабына сәйкес, лауазымды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақыны кешіктіру қызметкердің еңбек құқықтарын тікелей бұзу болып саналатынын атап өтті. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған азаматтар мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініп, жалақы бойынша берешекті толық өтеуді және кешіктірілген мерзім үшін өсімпұл төлеуді талап етуі қажет.

Осылайша, Қазақстанда жалақысы уақытында төленбеген әрбір қызметкер өз құқығын заң аясында қорғап, жұмыс берушіден тиесілі қаражатын өсімпұлымен бірге өндіріп алуға құқылы.

Оқи отырыңыз