Қазақстанда Yandex Go қызметі істен шықты

Қазақстанда Yandex Go қызметі істен шықты
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

11 қазанда Қазақстанда Yandex Go сервистерінің жұмысында ауқымды техникалық ақау тіркелді. Соның салдарынан тұрғындар такси шақыру және жеткізу қызметтерін пайдалана алмай, жүргізушілер мен курьерлер тапсырыс қабылдауда қиындықтарға тап болды.

Компанияның баспасөз қызметі сервистердің уақытша қолжетімсіз екенін растады. Қазіргі уақытта техникалық мамандар жүйенің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Алайда қызметтердің нақты қашан толық іске қосылатыны белгісіз.

«Біздің техникалық мамандар сервистердің жұмысын қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Әзірге нақты мерзімді айта алмаймыз, бірақ қызметтерді мүмкіндігінше тез іске қосуға бар күшімізді салудамыз», – деп хабарлады компания өкілдері.

Ақау Қазақстанмен ғана шектелмеген

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Yandex сервистерінің жұмысындағы іркілістер Ресей, Беларусь және Арменияда да байқалған. Атап айтқанда, Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары такси шақыруда қиындықтарға тап болған.

Yandex өкілдері мұндай жағдайдың туындауын цифрлық сервистердің бірнеше елде орналасқан серверлерге тәуелді болуымен түсіндірді. Компания мәліметінше, жүйенің бір бөлігіндегі техникалық ақау басқа мемлекеттердегі қызметтердің қолжетімділігіне де әсер етуі мүмкін.

Ақауға не себеп болды?

Yandex Cloud компаниясы инфрақұрылымның ru-central1-a аймағында электр қуатының үзілуі тіркелгенін хабарлады. Соның салдарынан бірқатар цифрлық сервистің жұмысы бұзылған.

Сонымен қатар Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Владимир, Рязань және Калуга өңірлеріндегі дата-орталық инфрақұрылымына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалғаны туралы ақпарат таратты.

Дегенмен аталған шабуылдардың Қазақстандағы Yandex Go қызметінің істен шығуына тікелей себеп болғаны ресми түрде расталған жоқ.

Жүргізушілер мен курьерлердің жұмысына әсер етті

Техникалық ақау әсіресе күнделікті табысы тапсырыс санына байланысты такси жүргізушілері мен жеткізу қызметінің курьерлеріне қолайсыздық туғызды.

Компания қалыптасқан жағдай үшін пайдаланушылардан кешірім сұрады.

«Бұл жағдай көптеген адамның күнделікті жоспарына әсер еткенін түсінеміз. Ал жүргізушілер мен курьерлер үшін қалыпты жұмысын жалғастыру мүмкін болмай қалды. Қолайсыздыққа тап болған барша азаматтан кешірім сұраймыз», – делінген Yandex Go хабарламасында.

Қазақстандықтардың жеке деректері қайда сақталады?

Компания Қазақстан аумағында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Yandex Go өкілдерінің айтуынша, қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректері ел аумағындағы серверлерде және Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті қорғауды қамтамасыз ететін юрисдикцияда сақталады.

Ал цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз ететін жекелеген технологиялық компоненттер басқа мемлекеттердегі серверлерде орналасуы мүмкін.

Қазіргі уақытта компания техникалық ақауларды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Yandex Go қызметтерінің толық қалпына келу мерзімі әзірге жарияланған жоқ.

Оқи отырыңыз