Қазақстандықтар жұмыс беруші еңбекақыны немесе үстеме жұмыс үшін төлемді төлемеген жағдайда, еңбек дауы бойынша белгіленген бір жылдық мерзім өтіп кетсе де, өз ақшасын сот арқылы өндіріп ала алады.
Мұндай маңызды шешімді ҚР Конституциялық соты қабылдады.
Іске азаматтың арызы негіз болды. Ол жұмыстан шыққаннан кейін 2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың сәуіріне дейін атқарған үстеме жұмысы үшін төлем өндіруді талап етіп сотқа жүгінген. Алайда сот оның талабын тек соңғы бір жылдағы кезең бойынша ғана қанағаттандырып, Еңбек кодексінің еңбек даулары бойынша бір жылдық талап қою мерзімін көздейтін 160-бабына сүйенген.
Өтініш иесі бұл норма өзінің адал еңбегімен тапқан қаражатын өндіріп алу құқығын шектейді деп есептеп, оның азаматтық дауларда қолданылатын үш жылдық талап қою мерзіміне қайшы келетінін алға тартқан.
Конституциялық сот не деді?
Істі қарау барысында Конституциялық сот еңбек даулары бойынша белгіленген бір жылдық мерзімнің Конституцияға қайшы келмейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар сот маңызды құқықтық ұстанымды атап өтті: аталған мерзім азаматты өз еңбегі үшін тиесілі ақысын алу мүмкіндігінен айырмауы тиіс.
Сот қаулысында жұмыс беруші жалақыны, үстеме жұмыс үшін төлемді, өтемақыларды немесе басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда, соттар еңбекке ақы алу құқығы мен сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз ететін конституциялық кепілдіктерді басшылыққа алуы қажет екені көрсетілген.
Бұл жұмысшылар үшін нені білдіреді?
Енді жұмыс беруші еңбекақы бойынша берешегін өтемесе, қызметкер өз қаражатын Азаматтық кодекстің 178-бабында көзделген жалпы үш жылдық талап қою мерзімі шегінде өндіріп алуды талап ете алады.
Бұл норма мынадай төлемдерге қатысты қолданылады:
– төленбеген жалақы;
– үстеме жұмыс үшін ақы;
– еңбекке ақы төлеуге байланысты өзге де міндетті төлемдер.
Еңбек кодексіне өзгеріс енгізілуі мүмкін
Іс қорытындысы бойынша Конституциялық сот Еңбек кодексінің 160-бабын Конституцияға сәйкес деп таныды. Алайда оны қолдану кезінде міндетті түрде ескерілетін құқықтық түсіндірме берді.
Сонымен қатар Үкіметке бір жыл ішінде Конституциялық соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізу жөнінде заң жобасын әзірлеу ұсынылды.
Сарапшылар пікірінше, бұл шешім жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, азаматтардың формальді мерзімдердің өтіп кетуіне байланысты заңды еңбекақысынан айырылып қалу қаупін азайтады.