Қазақстанда полиция қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу деректеріне қарсы бақылауды күшейтті. Жыл басынан бері ел бойынша тыныштықты бұзудың 79 мың фактісінің жолы кесілген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары.
Құқық қорғау органдары әсіресе түнгі уақытта тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ аулалар мен өзге де қоғамдық орындарда пиротехникалық құралдарды пайдалану жағдайларына назар аударып отыр.
Көпқабатты үйлер орналасқан аумақтарда, аулаларда, кафе, мейрамхана және ойын-сауық орындарының маңында полиция патрульдері күшейтілді.
Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау жүйелері де кеңінен қолданылып жатыр. Камералар жедел басқару орталықтарына қосылуда. Ал «Қауіпсіз үй» жобасы аясында учаскелік инспекторларға аулалардағы бейнекамераларды пайдалану мүмкіндігі берілген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша жыл басынан бері тыныштықты бұзудың 79 мың дерегі анықталған.
Сонымен қатар елді мекендерде пиротехникалық құралдарды пайдалану бойынша 269 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен үш еседен астам көп.
Егер тыныштықты бұзу әрекеті бұзақылықпен қатар жүрсе, құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық үшін де жауапкершілікке тартылады.
Кәсіпкерлерге 8 мыңнан астам ұсыну енгізілген
Полиция кафе, мейрамхана және басқа да кәсіпкерлік нысандарымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр.
Тыныштықты бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында учаскелік инспекторлар кәсіпкерлік субъектілерінің атына 8 мыңнан астам ұсыну енгізген.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына тұрғындар да тартылған. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам учаскелік инспектор шағын аудандар мен тұрғын үй кешендерінің чаттарына қосылған.
Бұл полицияға тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін жедел көріп, тиісті шара қабылдауға және заң талаптарын түсіндіруге мүмкіндік береді.
ІІМ қоғамдық тәртіпті бұзудың бірде-бір дерегі назардан тыс қалмауы керектігін атап өтті. Ведомствоның ұстанымынша, қоғамдық тәртіп ең алдымен азаматтардың бір-бірінің тыныштығы мен құқықтарын құрметтеуінен басталады.