Жаңалықтар

Қазақстанда тұрып қазақша сөйлемеу, қазақша білмеу мүмкін емес – Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті

Қазақстанда тұрып қазақша сөйлемеу, қазақша білмеу мүмкін емес – Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті
Фото: Видеодан кадр 13.10.2023 11:08 12924

Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілін меңгеремін деген адамдарға елімізде барлық мүмкіндік барын айтты, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында пікір білдірді.

Табиғи тұрғыдан қазақ тіліне сұраныс артып жатыр. Қазақша сөйлейтін орта өсті. Сан тұрғысынан. Бізге енді оған сапа беру керек. Оған сапа беру үшін бізге басқа деңгейдегі мазмұн керек. Өйткені бұл орта қандай идеяларды талқылайды? Қандай мазмұнды тұтынады? Егер біз оған көмек бермесек, қазақ тілді ортаның тұлға ретінде, маман ретінде қалыптасып өсуіне қажетті жағдай жасалмаса, инфрақұрылым болмаса, оқулықтарымыз, мазмұнымыз, дүниежүзінен келіп жатқан ақпараттар, білім, технологиялар сынды табиғи өсімді үдетіп, дамытып алып кете алмауымыз мүмкін еді, - деді Рауан Кенжеханұлы.

Сонымен қатар ол мемлекеттік тілді сапалы әрі жылдам меңгерудің әдістеріне тоқталды.

Бірінші кезекте тілге адам ашылуы керек. Өзім бірнеше тілді меңгердім. Соның ішінде ағылшын тіліне есейе келе ден қоюыма тура келді. Қажеттілік те сөзсіз маңызды. Қажеттілікке келу үшін ең алдымен адам тілді қабылдауға, меңгеруге дайынмын деп іштей ашылуы тиіс. Егер адамның ниеті болмаса, тілге деген қызығушылығы болмаса, қажеттілік те көмектесе алмайды. Ең алдымен ниет, одан кейін қажеттілік болуы керек. Қазір қажеттілік өз-өзімен шешіліп жатыр. Қазақстанда тұрып қазақша сөйлемеу, қазақша білмеу мүмкін емес. Ол түсінікті. Заң да оны талап етеді. Қоршаған орта да оны талап етеді, - деді ол.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, қазақ тілін оқимын деген адамға қазақша сөйлейтін орта қолдау білдіруі керек. Өйткені тек мәжбүрлеу арқылы, өктемдікпен «неге сөйлемейсіндер» деп талап ету нәтиже бермейді. Ол Қазақстанның негізгі ұлты ретінде бұл жауапкершілікті түсінуіміз керектігін айтады.

Өзіміздің мәдениетімізбен, сыпайылығымызбен, көмектесуге дайын екенімізді көрсету арқылы қазақша сөйлеймін деген ортаны кеңейтуге болады деп есептеймін. Сондай-ақ оқимын деген адамға қажетті әдістеме, оқулық, курс, білікті мұғалімдердің ортасы дайын тұруы керек. Біз оны шешуге міндеттіміз, - деді Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға