Жаңалықтар

Қазақстанда туризм неге ақсап тұр? Kazakh Tourism төрағасы мәселенің себебін атады

15.05.2025 17:17 637
Қазақстанда туризм неге ақсап тұр? Kazakh Tourism төрағасы мәселенің себебін атады

Туризм — экономиканың қозғаушы күштерінің бірі. Қазақстан сынды табиғи ландшафты әртүрлі, тарихи-мәдени мұрасы бай мемлекет үшін бұл салада үлкен әлеует бар. Алайда іс жүзінде туризм қарқыны кей аймақтарда әлі де мардымсыз. Бұл мәселені тереңірек талдау мақсатында Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасовпен сұхбаттасып, еліміздегі туризмнің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікір алмастық.

Аймақтардағы туризмнің дамуына не кедергі?

Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, аймақтарда туризмнің ақсап тұруының басты себебі – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, инвестициялардың аздығы және кадр тапшылығы. Мәселен, кейбір көрікті жерлерге апаратын жолдардың болмауы туристердің келуіне кедергі келтіреді. Дегенмен, соңғы жылдары Алматы-Астана жолының толық жөнделуі, Алакөлге апаратын жолдардың жаңартылуы сияқты инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Бізде кейбір көрікті жерлерімізге апаратын жол жоқ. Ал негізгі туристік бағыттар – Алматы-Астана, Алакөлге апаратын жолдың жағдайы жаман емес. Осы жылы Алматы-Астана жолы толығымен жасалады, — деді Қайрат Сәдуақасов.

Инвестиция мәселесіне келсек, жазғы маусымның қысқалығы бизнес иелерінің жыл бойына табыс табуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты, мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемесі төмен несиелер мен инвестицияны қайтару бағдарламалары енгізілуде. Мысалы, қонақ үй салған кәсіпкерлерге 10% қаржы қайтарылып беріледі. Сондай-ақ, "Kids go free" жобасы арқылы кәмелетке толмаған балалар ата-аналарымен бірге Қазақстан ішінде тегін саяхаттай алады.

Біз мемлекеттік бюджет тарапынан бірнеше шараларды өткізіп жатырмыз. Соның бірі – инвестицияны қайтару. Қонақ үй салған бизнес иелеріне он пайыз қаржыны қайтарып береміз, — деп атап өтті Қайрат Сәдуақасов.

Кадр мәселесін шешу үшін қысқа мерзімді тренингтер мен арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылуда. Мысалы, Ақтау қаласында Rixos қонақ үйі ашылған кезде 900-ден астам маман оқытылды. Сонымен қатар, Air Astana авиакомпаниясымен бірлесіп, әуежай қызметкерлері де оқытылды. Онлайн академия арқылы 30 мыңнан астам адам тіркеліп, 5 мыңнан астам адам сертификат алды.

Қазір мамандарды даярлауды қолға алдық, яғни қысқа мерзімді тренингтер өткізіп, арнайы оқытамыз. Мәселен, жылы жағажай обьектілері жұмысын бастаған кезде 900-ден аса маманды оқыттық, — деді Қайрат Сәдуақасов.

Шетелдік блогерлерге инвестиция жасау тиімді ме?

Kazakh Tourism компаниясы шетелдік блогерлер мен инфлюенсерлерді Қазақстанға шақырып, еліміздің туристік әлеуетін таныстыруда. Бұл маркетингтік стратегия арқылы олардың аудиториясы Қазақстан туралы ақпарат алып, қызығушылық танытады. Жыл сайын 10-15 инфотур ұйымдастырылып, 100-ден астам блогер мен инфлюенсерлер еліміздің көрікті жерлерімен танысады.

Қазіргідей әлеуметтік желі дамыған заманда біз блогерге, инфлюенсерлерге назар аударып отырмыз. Олардың өз аудиториясы болғандықтан, сол парақшалардан адамдар көріп, қызығушылықтары пайда болып, тиісінше саяхаттаушылар да көбейетіні сөзсіз, — деп түсіндірді Қайрат Сәдуақасов.

Шетелдік туристердің экономикаға үлесі

2024 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің саны 15,3 миллионға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Әрбір шетелдік турист орта есеппен 1000-1500 доллар жұмсайды, бұл еліміздің экономикасына елеулі үлес қосады.

Әлемдік статистикаға сүйенсек, жалпы орта есеппен шетелдік туристер барған елдеріне 1000-1500 доллар қалдырып кетеді. Дәл осы есеп қазір Қазақстанда да сақталып тұр, — деді Қайрат Сәдуақасов.

Цифрландыру – туризмнің болашағы

Цифрландыру туризм саласында да қарқынды дамып келеді. Kazakh Tourism компаниясы еліміз туралы барлық ақпаратты Google платформасына енгізуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, "eQonaq" ақпараттық жүйесі арқылы туристердің тіркелуі автоматтандырылып, миграциялық бақылау жеңілдетілген.

Цифрландыруды екі бағытта қарастыру керек. Біріншісі - бизнестің цифрландыруды. Оның ішінде брондау жүйелері, әлеуметтік желілердегі аккаунттар, қонақ үйлерді басқару жүйелері бар.
Ел көлеміндегі цифрландыруға тоқталсақ, біз Google "Саяхаттың бес кезеңі" концепциясын назарға алдық. Оған шабыт алу, жоспарлау, брондау, саяхаттау және өз әсерімен бөлісу жатады. Осыған сәйкес цифрландыру жобаларын негіздеуді қолға алдық. Шабыт кезеңінде әлеуметтік желілер және веб-сайт аса маңызды. Бізде Kazakhstan Travel сайты бар. Ал Қытай үшін бөлек әлеуметтік желілер бар. Жоспарлау және брондау сатысында біз бизнеспен жұмыс жасап, қандай жүйелерді тіркелу қажет екендігін түсіндіреміз. Осылайша әрбір кезең бойынша біз өз жұмысымызды жүргіземіз. Сонымен бірге  шетелдіктердің көші-қон қызметінде тіркелуін едәуір жеңілдетеді, — деп атап өтті Қайрат Сәдуақасов.

Қытаймен туризм саласындағы ынтымақтастық

2024 жылы Қазақстан Қытайдан 655 мың турист қабылдап, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 78% артты. Бұл – жетістік екі ел арасындағы визасыз режим мен Қазақстан туризмінің Қытайда өткізілген жылының нәтижесі. Осы бір жыл ішінде 37 түрлі шара ұйымдастырылып, Қытай азаматтарының Қазақстанға деген қызығушылығы артты.

Қытайдың туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жыл біз үшін сәтті болды. Енді осындай жобаларды тұрақты түрде өткізу жоспары бар, — деп түйіндеді Қайрат Сәдуақасов.

Қазақстанның туризм саласы қарқынды дамып, инфрақұрылымдық жобалар, цифрлық шешімдер және халықаралық ынтымақтастық арқылы жаңа белестерге жетуде. Дегенмен, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, инвестициялардың аздығы және кадр тапшылығы сияқты мәселелер әлі де бар. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет пен жеке сектордың бірлескен күш-жігері қажет. Kazakh Tourism компаниясының бастамалары мен жобалары еліміздің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қазақстанның туризм саласы болашақта еліміздің экономикалық өсімінің маңызды драйверіне айналуы мүмкін. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, кадрларды даярлау және цифрлық шешімдерді енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табады деген сенімдеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға