Жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үйлерді басқарудың жаңа тәсілі енгізілмек

Қазақстанда тұрғын үйлерді басқарудың жаңа тәсілі енгізілмек
Фото: gov.kz 24.03.2023 16:53 655

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңындағы тұжырымдамалық түзетулер талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2020 жылдың 7-ші қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енгенін естеріңізге сала кетейік. Соған сәйкес пәтер иелері кооперативтерінің орнын мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе қарапайым серіктестік (ҚС) алмастырады. Өз кезегінде бұл бірлестіктер «бір мүлік иелерінің бірлестігі – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Осы бастаманың аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері баспаналарын өздері қадағалап, жауап береді. Реформаның халыққа тиімді тұсы тұрғындардан жиналған қаражатты пайдаланудың ашықтығы қамтамасыз етіліп, сондай-ақ бұл ақша нақты бір тұрғын үйді басқарып, күтіп ұстауға бағытталады, - деді  Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов.

Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының басқарушы директоры Марғұлан Әбдікәрімовтың айтуынша, қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу үшін меншік иелерінің жалпы санынан кворумды төмендету ұсынылып отыр. Атап айтқанда, қажетті шешім қабылдау үшін пәтер иелері мен көппәтерлі тұрғын үйдегі бос кеңістікті иеленіп отырғандардың жалпы санының 51%-ы жеткілікті болады,

Бұдан бөлек, бұл бағыттағы елеулі өзгерістердің қатарында уақытша басқарушы компанияны тарту, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелерін жетілдіру, жауапты жергілікті атқарушы органға кондоминиум объектісін тіркеуге өтініш жіберу функциясын беру, тұрақ орны мен қойма иелерінің құқықтары мен міндеттерін бекіту, сондай-ақ ауылды жерде, кентте тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бар.

МИБ немесе ҚС-ке байланысты барлық өзекті мәселе бойынша азаматтар келесі мекенжайға хабарласа алады: info@zhkh.kz немесе Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының сайты www.zhkh.kz, сондай-ақ suraqtar.kz платформасы арқылы жоғарыда айтылған мәселеге байланысты кез келген сауалға жауап алу қарастырылған. Кондоминиум нысанын басқарудың жаңа түріне көшу мәселелеріне қатысты қосымша ақпаратты 8 (7172) 57-65-51 нөмірі бойынша алуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға