Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков El.kz подкастында жыл сайын мыңдаған автокөліктің елге адал бәсекелестік пен тиісті кедендік төлемдерді айналып өтіп қалай жеткізілетінін айтып берді.
Біреудің орнына – 700 көлік
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұлға жылына жеке пайдалану үшін бір ғана автокөлік әкеле алады. Алайда вице-министрдің айтуынша, жүйені талдау барысында кейбір азаматтардың бір жыл ішінде 10-нан, тіпті 100-ден астам көлік әкелгені анықталған. Тіркелген жағдайлардың бірінде бір адамның атына 700-ден астам автокөлік рәсімделген.
Сапарбековтің сөзінше, мұндай көлемдегі импорт жеке қажеттілікке жатпайды, бұл – толыққанды кәсіпкерлік қызмет. Сондықтан мұндай қызметтен барлық салықтардың төленгені және тұтынушылардың құқықтарының қорғалғаны маңызды.
Өткен жылы Қазақстанға шамамен 100 мың автокөлік әкелінген. Соның 5 пайыздан азы ғана жеке пайдалану үшін рәсімделсе, қалғаны коммерциялық тауар ретінде тіркелген.
Вице-министрдің айтуынша, схема мынадай:
Алдымен көлік жеке пайдалануға арналған доңғалақты көлік құралының қауіпсіздік сертификатымен рәсімделеді. Кейін кедендік декларациялау кезінде басқа тариф бойынша коммерциялық тауар ретінде ресімделеді.
Бұрын мемлекеттік ақпараттық жүйелер бөлек жұмыс істегендіктен, мұндай сәйкессіздіктер байқалмаған. Бірыңғай цифрлық жүйе енгізілгеннен кейін ғана министрлік «сұр» схемаларды анықтай бастаған.
Неге тұтынушы зардап шегеді?
Олжас Сапарбековтің айтуынша, мұндай көліктерді сатып алатын қарапайым азаматтар үлкен тәуекелге барады.
Ресми рәсімдерден тыс әкелінген автокөліктер бойынша сатушылар кепілдік міндеттемелерін мойнына алмайды. Егер өндіруші белгілі бір модельді кері қайтарып, тегін жөндеу жүргізетін болса немесе кепілдік жөндеу қажет болса, сатып алушы мұндай қызметтен қағылуы мүмкін.
Әсіресе қолданыста болған көліктердің техникалық жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көп. Мұндай көліктердің техникалық регламент талаптарына сәйкестігі әрдайым растала бермейді.
Автокөлік өндірісіндегі жергілікті қамту 50 пайызға жетті
«Сұр» импортпен күрес қатарында министрлік отандық автокөлік өндірісінің дамуына да тоқталды.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстандағы автокөлік өндірісіндегі жергілікті қамту деңгейі бүгінде 50 пайызға жеткен. Ел жаһандық өндірістік тізбектердің бір бөлігіне айналуды мақсат етіп отыр.
Осы саясаттың нәтижесінде Қытайдың Li Auto компаниясы Қытайдан тыс жердегі алғашқы өндірісін Қазақстанда ашу туралы шешім қабылдаған. Бұған дейін осындай қадамды оңтүстіккореялық Kia компаниясы да жасап, Қазақстанда өз зауытын іске қосқан.
Бұған дейін вице-министр өзі қандай көлік мінетінін айтқан еді.