Жаңалықтар

Қазақстанда Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына пошта маркасы шығады

Бұл туралы «Қазпошта» АҚ мәлім етті
Қазақстанда Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына пошта маркасы шығады
Фото: kazpost.kz 20.02.2023 18:38 690

Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында, елшілік Сұлтан Байбарыстың туғанына 800 тыл толуына орай, пошта маркасын шығаруды жоспарлап отыр. Аталған мақсатта «Қазпошта» АҚ және Египеттің Ұлттық пошта ұйымы бірлескен пошта маркасын шығару туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Қазпошта» АҚ пошта сервисі жөніндегі басқарушы директор Әбілбаева Сәуленің айтуынша, пошта маркасын шығару Дүниежүзілік пошта одағы актілеріне сәйкес, әр елдің өз күші және қаражатымен жүзеге асырылады.

«Баршамыз ұлы қазақ сұлтанының Мысыр елін қалай гүлдендіргенін білеміз. Сұлтан Байбарыс тұсында Мысырда мешіттер салынып, қолөнер, жер қатынастары, ғылым, өнер дами бастады. Осыған орай, батыр бабамыздың туғанына 800 жыл толуының құрметіне, Египеттің Ұлттық пошта ұйымымен бірлесе отырып, пошта маркасын шығару туралы шешімге келдік. Аталған идеяға қолдау көрсеткен мысырлық серіктестерімізге алғыс білдіреміз», - дейді «Қазпошта» АҚ Пошта сервисі жөніндегі басқарушы директор Сәуле Әбілбаева.

Египеттің Ұлттық пошта ұйымы өкілдері, өз кезегінде, қазақстандық серіктестерге алғыс айтып, бірлескен жұмыста сәттілік тіледі.

«Қазпошта басқа елдердің пошта ұйымдарымен қарым-қатынастарды нығайту және мерейтойлық күндерге, маңызды тарихи оқиғалар мен белгілі тұлғалардың құрметіне орай, бірлескен пошта маркаларын шығару ісін маңызды деп санайды", - деп атап өтті "Қазпошта" АҚ пошта сервисі жөніндегі басқарушы директоры.

Айта кетерлігі, тараптар өз қажеттіліктеріне қарай, пошта маркасының тиражын өздері анықтайтын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға