Қазақстанда Apple Watch, Samsung Galaxy Watch смарт-сағаттары мен AirPods Pro құлаққаптарының пайдаланушыларына денсаулықты бақылауға арналған жаңа мүмкіндіктер қолжетімді болды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа функциялар министрлік пен құрылғы өндірушілері арасындағы келісімдердің нәтижесінде іске қосылған. Apple Watch және Samsung Galaxy Watch сағаттары арқылы нақты уақыт режимінде электрокардиограмма (ЭКГ) түсіруге, жүрек ырғағының бұзылу белгілерін бақылауға болады. Алынған нәтижелерді смартфонға сақтап, дәрігерге көрсету мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар құрылғылар ұйқы кезіндегі тыныс алуды талдап, апноэнің, яғни ұйқы кезінде тыныстың уақытша тоқтауының ықтимал белгілері туралы ескерте алады.
Қан қысымын өлшеу
Samsung Galaxy Watch пайдаланушылары Samsung Health Monitor қосымшасы арқылы қан қысымын өлшей алады. Ол үшін смарт-сағатты әр 28 күн сайын манжетасы бар тонометр көмегімен калибрлеу қажет.
Есту қабілетін тексеру
AirPods Pro құлаққаптарының иелері iPhone смартфонындағы «Денсаулық» қосымшасы арқылы есту қабілетін тексере алады.
Сондай-ақ есту қабілеті жеңіл немесе орташа деңгейде төмендеген ересектер үшін құлаққапты жеке есту аппараты ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл функция айналадағы дыбыстарды автоматты түрде күшейтіп, реттейді.
Жаңа функцияларды қалай қосуға болады?
Ол үшін смартфонның, смарт-сағаттың және құлаққаптың бағдарламалық жасақтамасын соңғы нұсқаға дейін жаңартып, тиісті функцияларды қосымшалар арқылы баптау қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта Apple мен Samsung компанияларының жаңа медициналық және профилактикалық функциялары Қазақстанда әлемдік ресми іске қосылуымен қатар қолжетімді болады.
Министрлік смарт-құрылғылардың денсаулықты күнделікті бақылауға көмектесетінін, алайда дәрігердің тексеруін, диагнозын және емін алмастыра алмайтынын ескертеді.