Қазақстанда сирек дертке арналған дәрі шығаратын зауыт салынады

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Алматы облысында 32,5 млрд теңгеге жаңа фармацевтикалық зауыт салынады. Жоба «Алатау» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асады, деп хабарлайды El.kz.

20 түрлі дәрі-дәрмек өндіріледі

Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 32,5 млрд теңге. Кәсіпорынды 2031 жылы іске қосу жоспарланған. Ал 2032 жылы зауыт жобалық қуатына шығады. Өндірістің толық циклі 2034 жылы аяқталады деп күтілуде.

Инвестициялық келісім Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe Pharmaceuticals» ЖШС арасында жасалған. Компанияның басшысы әрі құрылтайшысы – Нұрсұлтан Қарбозов.

Жаңа зауытта 20 түрлі дәрі-дәрмек өндіріледі. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған препараттар, сондай-ақ иммунобиологиялық дәрілер бар.

Бұдан бөлек, кешен аумағында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, отандық дәрілер әзірленеді. Сондай-ақ қазақстандық мамандар халықаралық стандарттарға сай даярланады.

Үкімет мәліметінше, жоба аясында шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бастама импорттық дәрілерге тәуелділікті азайтып, елдің дәрілік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Инвестиция көлемі екі есеге артқан

Айта кетейік, бұған дейін түркиялық Nobel компаниясы да Қазақстанда жаңа фармацевтикалық зауыт салатынын мәлімдеген еді. Денсаулық сақтау министрлігі мен компания арасында жасалған инвестициялық келісімге сәйкес, жобаға 40 млрд теңге инвестиция салынады.

Жаңа кәсіпорында 17 әлеуметтік маңызы бар препарат пен 40 түрлі дәрі-дәрмек өндіру жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фармацевтика саласында өсім байқалып отырғанын айтты.

Фармацевтика секторы 10%-ға өсіп, инвестиция көлемі екі есеге артты. Бұл – жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі, – деді министр.

Оқи отырыңыз