Жаңалықтар

Қазақстанда шетел университеттерінің 5 филиалы бар

Жоғары оқу орындарының филиалдарын құруға 200 грант көлемінде қаражат бөлінді
Қазақстанда шетел университеттерінің 5 филиалы бар
Фото: El.kz 23.01.2023 17:00 2699

Еліміздегі белді жоғары оқу орындары 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлайды. Бұл білім беру жүйелері арасында бәскелестіктің артуына және сапалы білім берудің қалыптасуына, академиялық ұтқырлықтың өсуіне септігін тигізеді.

Бүгінде Қазақстанда шетел университеттерінің 5 филиалы бар. Олардың саны жыл сайын артуда. Мәселен, елімізде Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірнеше филиалдары жұмыс істейді. Атап өтсек, Астана қаласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында Мәскеу авиациялық институтының, Қостанайда Челябі мемлекеттік университетінің, Алматыда Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетінің, Атырауда И.М.Губкина атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалдары бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырған еді.

«Соңғы уақытта елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын», – деген болатын.

Осыған орай, өткен жылдың қыркүйек айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Мәскеу инженерлік-физикалық институты Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасында Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалдары ашылды.

Қазақстанда шетел университеттерінің 5 филиалы бар

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл жоғары оқу орындарының филиалдарын құруға 200 грант көлемінде қаражат бөлінді.

          Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы

Аталған филиал алты бағыт бойынша мамандарды дайындайды. Олар – ядролық реакторлар (инновациялық ядролық реакторлар), атом өнеркәсібіндегі мехатроника және робототехника, жаңа буынның ядролық энергетика технологиялары, атом саласындағы инженерлік компьютерлік модельдеу, атом энергиясын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті мемлекеттік реттеу және жобалауды, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды қоса алғанда, ядролық энергетикалық қондырғылар.

2022-2023 оқу жылында оқыту бакалавриат пен магистратураның екі білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда: бөлшектер физикасы және космофизика (ядролық физика және технологиялар бойынша бакалавриатта дайындау бағыты); қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері (информатика және есептеу техникасы бойынша магистратурада дайындау бағыты) бойынша. Филиалдың профессорлық-оқытушылық құрамы 50/50 пайыз (МИФИ және ҚазҰУ) қатынасында қалыптастырылды.

Бірінші және екінші курстарда базалық пәндерді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары жүргізсе, 3-4 курстарда Мәскеу кампусының ПОҚ пайдасына жүктемені қайта бөлу болады. Олар негізінен НИЯУ МИФИ филиалына күндізгі оқыту үшін келетін болады.

Ірі корпорацияларда жұмыс істейтін белгілі ғалымдар мен тәжірибесі мол оқытушылар онлайн режимінде дәріс оқуға тартылады.

МИФИ филиалында 94 студент білім алады. Оның ішінде бакалавриат бағдарламалары бойынша элементар бөлшектер физикасы және космофизика - 63 білім алушы және магистратура қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері – 31 білім алушы бар.

И.М.Губкина атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы

Қазіргі уақытта Губкин университеті бакалавриаттың 19, магистратураның 11 бағыты мен 3 мамандық бойынша оқытады. Университет филиалында газ-мұнай құбырлары мен газ-мұнай қоймаларын салу және пайдалану, мұнай-газ технологиялары, мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу мамандықтары бар.

Губкиннің филиалына қабылдау бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылды. Білім алушылардың жалпы саны - 73 адам.

Университет Аризона

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университеті Аризона университетімен стратегиялық ынтымақтастық бағытында жұмыс жасайды. М.Қозыбаев атындағы СГУ мен Аризона университеті арасында қос дипломды бағдарламаларды іске асыру туралы шартқа қол қойған.

2022-2023 жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары балл саны 137 болды. Халықаралық бағдарламаларға сәйкес, 7 бағыт бойынша 155 студент қабылданды. Қос дипломдық бағдарламаларға қосымша іріктеу критерийі бойынша ағылшын тілін білу маңызды.  

Қазіргі уақытта республикада 119 ЖОО жұмыс істейді (11 - ұлттық, 29 - мемлекеттік, 14 - азаматтық емес, 1 - автономды білім беру ұйымы, 1 - халықаралық, 16 - акционерлік және 47 - жеке). 2022-2023 оқу жылында қабылдау 182167 адамды құрады.

 ЖОО-дағы жаңа өзгерістер

2018 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарының академиялық және қаржылық дербестігі кеңейтілді. Академиялық дербестікті кеңейту шеңберінде «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметі кеңейді.

Бүгінгі таңда университеттер өздерінің академиялық саясатын дербес анықтайды. Енді ЖОО-лар көптеген мәселелерді өз деңгейінде шешеді. Министрліктен ЖОО-ларға бірқатар құзыреттер берілді.

Қазақстанда шетел университеттерінің 5 филиалы бар

Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқу жүктемесінің нормаларын, еңбекақы төлеу нысандары мен мөлшерін айқындау, академиялық демалыс беру, білім алушыларды ауыстыру және қалпына келтіру қағидаларын бекіту, кәсіптік практика жүргізу, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту және тағы басқалар.

Бұдан бөлек, студенттерге бағытталған оқыту тәсілі енгізілді. «Major – minor» бағдарламасы шеңберінде студент негізгі және қосымша білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді өздері таңдай алады.

ЖОО-лардың академиялық еркіндігін одан әрі кеңейту мақсатында 2022 жылы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына өзгерістер енгізілді. Негізгі өзгеріс – енді жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауда одан да еркін. Олар бірқатар жалпыға міндетті пәндердің мазмұнын реттей алады және базалық және бейіндік пәндердің кредиттерінің санын дербес анықтай алады.

«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің орнына «Қазақстан тарихы» пәні енгізілді. Яғни, пәннің хронологиялық шеңбері кеңейтілді. Өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында микробіліктіліктерді оқыту нәтижелерін тану көзделген, «нано-кредиттер», «ұлғайтылатын дәрежелер» ұғымдары енгізілді.

ЖОО-ларға магистранттар мен докторанттардың жеке оқу жоспарларының құрылымын өз еркімен бекіту құқығы берілді. Бұл олардың оқыту траекториясында дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, ЖОО-на академиялық дербестік берудің негізгі артықшылықтары ЖОО бәсекелестіктікке қабілеттілікті күшейтеді, сапаны жақсартады, нарық талаптарына сәйкес кадрларды даярлауға, икемді болуға және кез келген өзгерістерге тезірек жауап беруге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға