Жаңалықтар

Қазақстанда шахматты дамытудың кешенді жоспары әзірленді

Қазақстанда шахматты дамытудың кешенді жоспары әзірленді
Фото: kadun.ru 28.02.2023 15:58 1170

Мәдениет және спорт министрлігі Үкіметтің «Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысын дайындады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жоспар аталған спорт түрін дамытудың бірнеше бағытын қарастырады. Мәселен, мектеп бағдарламасына шахмат енгізу үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің оқу жоспарларына шахмат бойынша факультатив енгізу, шахмат секцияларын кеңейту, шахматты ұлттық мектеп және студенттер лигасының бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, педагогикалық бағыттар бойынша жұмыс істеп тұрған кафедралар базасында шахмат мұғалімдерін даярлау бойынша ЖОО штатында бірліктер бөлу, ЖОО-да шахмат клубтарын ашу ұсынылды.

Басқа бағыттар шахматты ақпараттық қолдауды және насихаттауды, оның ішінде турнирлер мен жарыстарды, соның ішінде халықаралық жарыстарды өткізуді көздейді.

Жоспарды іске асыру келесі нәтижелерге әкеледі деп күтілуде:

  • Жалпы білім беретін мектептерде шахмат бойынша факультатив (курс) енгізу.
  • Бастауыш сынып балаларын 20% үлесімен шахматпен оқытумен қамту.
  • Білім беру ұйымдарында кемінде 200 шахмат клубын ашу.
  • Шахматтан ҚР құрама командасының (шахматтан ұлттық құрама командасы) әлемнің ТОП-10-на кіруі.
  • 20 жасқа дейінгі қазақстандық шахматшылардың «халықаралық гроссмейстер» спорттық атағын алуы.
  • Әлем, Азия чемпионаттарында, шахмат олимпиадасында және басқа да FIDE ресми чемпионаттарында қазақстандық шахматшылар жеңіп алған медальдар санын ұлғайту.
  • Шахмат бойынша кемінде 500 педагог даярлау.
  • Кемінде 250 кадрды қайта даярлау және біліктілігін арттыру.

Құжат 13 наурызға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға