Биылғы қыс Қазақстанда салыстырмалы түрде жылы болғанымен, ауа температурасы жиі құбылып, боран мен көктайғақ болуы мүмкін.
Қазгидрометтің маусымдық консультативтік болжамына сәйкес, желтоқсан айында елдің барлық өңірінде орташа температура климаттық нормадан 2 градус жоғары болуы ықтимал.
Қарашада қар жауып, түнде аяз күшейеді
Қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы әдеттегіден 1-2 градус жоғары болады деп күтіледі. Ал елдің солтүстік-батысында температура климаттық нормаға сай болады.
Ай бойы жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде жауын-шашын мол түсуі мүмкін. Сонымен қатар жел күшейіп, бұрқасын соғып, тұман түседі. Жолдарда көктайғақ болуы да ықтимал.
Синоптиктердің маусымдық болжамында елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында кей түндері ауа температурасы -18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екені айтылған. Солтүстік пен шығыста негізінен қар жауса, басқа өңірлерде жаңбыр мен жылбысқы қар күтіледі.
Желтоқсанда солтүстік өңірлерде жауын-шашын мол түседі
Желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға сай болады деп болжанып отыр. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстік жартысында жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін.
Оқи отырыңыз:
- Гималайдан Андқа дейін: Жер бетіндегі ең биік тау жүйелері
- Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс
Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстігінде, Абай облысында да жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтіледі. Ал Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын әдеттегіден аз болуы ықтимал.
Қаңтарда ауа райы негізінен жылы болады
Қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болуы мүмкін.
Ал Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батысында температура әдеттегі деңгейде сақталады деп болжанып отыр.
Ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға сай болады. Ал Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында жауын-шашын көбірек түсуі мүмкін.
Керісінше, Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды облысы мен Абай облысының оңтүстігінде жауын-шашын аз болады деп күтіледі. Сондай-ақ Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының солтүстік бөлігінде, Жетісу облысында да жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болуы ықтимал.
Ақпанда жауын-шашын көбейеді
Ақпан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-3 градус жоғары болады деп болжанып отыр.
Ал Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығысында, сондай-ақ Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстігінде температура климаттық норма шамасында сақталуы мүмкін.
Елдің басым бөлігінде жауын-шашын әдеттегіден көп түседі деп күтіледі. Ал Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы ықтимал.
Жалпы, қыс бойы боран соғып, жел күшейіп, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасының жиі құбылуына байланысты қардың бетінде мұз қабаты түзілуі де ықтимал.
Бұған дейін суық түскенде қол терісіне қандай күтім жасау керектігі туралы жазғанбыз.