Жаңалықтар

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/LeonardoAI 14.02.2024 14:00 1342

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша PROTALENT продюсерлік орталығы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ қолдауымен «Игроманка» әлеуметтік драмасының түсірілімін бастады. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Бурабайдағы «Игроманка» көркем фильмінің түсіріліміне қатысып, шығармашылық ұжымның жұмысымен танысып қайтты.

350 мыңнан астам адам құмар ойынның құрбанына айналған

Қазіргі таңда Қазақстанда құмар ойынның құрбанына айналған лудомандардың саны 350 мыңнан асқан. Олардың орташа қарызы шамамен 10 миллион теңгені құрайды.

Еліміздегі әрбір бесінші суицид құмар ойынның кесірінен болады. Статистикаға сүйенсек, 10 жұптың жетеуі ойынға тәуелділіктен айырылысып жатады. Лудоманияның кесірінен жасалған қылмыстық іс-әрекеттердің де азаяр түрі жоқ. Сондықтан да ойынқұмар адамдардың санының күннен-күнге артып келе жатқандығы қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналып отырғандығы елді алаңдатпай қоймасы анық.

«Қазақстанда құмар ойынға тәуелді адам көп»

«Игроманка» жобасының режиссері – Алдияр Байракимов, ал қоюшы-операторы – Азамат Жанабеков. Аталмыш фильмнің сюжетіне қысқаша тоқталар болсақ, Жұлдыз есімді бас кейіпкер оқиға желісі бойынша құмар ойынның түбіне түсіп, диллемаға тап болады. Ол ойын мен баланың арасында таңдау жасауға мәжбүр. Фильмде кейіпкер дұрыс шешім қабылдауы үшін өзін-өзі тануы тиіс.

Бүгінде «Игроманканың» түсірілімі Бурабай ауданындағы Ұрымқай ауылдық округінде өтіп жатыр.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Алдияр Байракимовтың айтуынша, фильмнің продюсерлері киноның елорда мен оның маңындағы жерлерде түсірілгенін қалаған.

Бурабайда кино сирек түсіріледі ғой. Бұл жердің табиғаты өте әдемі, керемет, бірақ суық. Алайда мұндағы қолайсыз ауа-райы біздің жақсы нәтижеге жетуімізге кедергі болмайды. Себебі түсірілім тобы мықты құрылған. Олардың басым бөлігі Алматы қаласынын, қалғаны Астана қаласынан келген, – деп атап өтті жоба режиссері.

Сондай-ақ Алдияр Байракимов фильмде өте өзекті мәселенің көтеріліп отырғанын айтады. Себебі продакшнның бұл жобаны бастағанына екі жарым жыл уақыт өткен. Лудомания мәселесі бір жылдан астам уақыт бойы зерттелген.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Фильмнің сценаристері арнайы зерттеруінде Қазақстанда құмар ойынға тәуелді жандардың көп екенін анықтады. Зерттеу жұмысына өзі лудоман, ойынқұмар болған адамдар да қатысты. Біз лудомания туралы түрлі оқиғаларды естіп, білдік. Сондықтан фильмнің кейбір сәттері шынайы оқиғаға негізделген деуге болады, – деді ол.

Алдияр Байракимовтың сөзінше, аталған фильм 2025 жылы көрерменге жол тартпақ.

Жобаның авторлары басты кейіпкерлердің рөлін кімдер сомдайтынын әзірге құпия ұстап отыр. Десе де әртістердің көрерменнің жүрегінен орын тапқан танымал өнер иелері болары анық.

«Лудомания – тәннің емес, адам жанының ауруы»

Ал фильмнің қоюшы-суретшісі Нұрболат Жапаков болса, түсірілімге неліктен Бурабай ауданы таңдалғанын айтып берді.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Сценарий бойынша бізге Кеңес одағы үкіметінің кезіндегі ғимарат қажет болды. Ондай ескі үлкен ғимаратты табу қиын. Тіпті бұрынғы зәулім үйлер Алматы қаласында аз. Кезінде Қонаев салып кеткен ғимараттардың барлығы бұзылып, реконструкциядан өтіп жатыр. Сол себепті біз кейіпі бастапқы салынған қалпында қалған Ұрымқай ауылдық округіндегі ғимаратты таңдадық, – дейді Нұрболат Жапаков.

Қоюшы-суретші таңдалған ғимаратқа біраз өзгеріс енгізіп, тер төккен.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Мына зәулім үйдің ішінің бәрі боялды. Эскизін сызған кезде шкаф, үстел, кітап, диван сынды әрбір заттың қай жерде тұратынын, оған қандай түс таңдалатынын алдын-ала ақылдастық. Бізге фильмге қажетті ескі заттардың барлығын табу оңайға соқпады. Үстел, орындықтың бәрін бір жүк көлігімен Алматыдан алдырттық, себебі Астанада ескі заттарды сататын дүкен жоқ, –дейді ол.

Сонымен қатар Нұрболат Жапаков фильм үшін ғимараттың ауласына арнайы үш метрлік қоршауларды орнатқызған.

Біз үйдің маңына жай қоршауларды емес, сол заманның кезіндегі ескі қоршауларды қойдық. Ғимаратты қолымыздан келгенше барлық талаптарға сәйкес етіп өзгерттік деп ойлаймын, – дейді фильмнің қоюшы-суретшісі.

Нұрболат Жапаков фильмде көтеріліп отырған тақырыптың елімізде өзекті екенін айтады.

Жақында Қазақстандағы әрбір бесінші жас құмар ойын ойнайды деген ақпаратты естіп қалдым. Бұл – еліміздегі бір дерт қой. Лудомания – тәннің емес, адам жанының ауруы. Сондықтан оларға рухани ем қажет деп есептеймін. Жалпы фильмде бір емес, бірнеше мәселе қатарынан көтеріледі. Оны көрермен алдағы уақытта фильм жарыққа шыққанда тамашалай алатын болады, - деп сөзін қорытындылады қоюшы-суретші.

Фильмнің директоры Құрмет Жанаевтың қызметінің жауапкершілігі өте жоғары.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Кино саласында бір адамға бір күнге босаңсуға болмайды. Біз ұйымдастырушы болғандықтан, барлық туындаған мәселені шешіп, әр жасалған дүние үшін жауап береміз. Басқа қызметкерлерге қарағанда түсірілім алаңына ерте келіп, өте кеш қайтамыз. Кино саласында жеңіл жұмыс жоқ, әрқайсының өзіндік орны, атқаратын қызметі бар, – деді ол.

Құрмет Жанаев оған кино саласында режиссер, оператор, актерлерден бөлек, әкімшілік топтың да істейтін жұмысы өте маңызды дейді.

Бір өкініштісі, кинода кадр сыртында істейтін адамдардың жұмысы кейін экраннан көрінеді, ал әкімшілік топтың жұмысы байқалмай қалып жатады. Біз фильмді түсіру үшін қандай қиындықтардан өткеніміздің бәрі кадр сыртында қалады. Негізінен ең қиын жұмыстардың бірі сол әкімшілік топтың мойнында ғой, – деді директор.

«Игроманка» көркем фильмінде Мұхтар Әуэзов атындағы Алматы Қазақ драма театрының танымал актері Бақтияр Қожа да бой көрсететін болады.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Кейіпкерімнің есімі – Қадыр. Ол – өте дәулетті әрі қатал адам. Қызын жалғыз өзі өсірген әкенің рөлін сомдаймын. Қазір барлығын ашып айтпай-ақ қояйын, бар қызық тек алда, – деді актер.

Бақтияр Қожа фильмде басты мәселе ретінде көтерілетін құмар ойынның халқымызға жат дүние екенін айтады.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат

Құмар ойын ойнау, анаша шегу, ішімдік ішу бізге жат. Бірақ мұның барлығын жасайтын адамдар өмірде бар ғой. Қазір жастар молда, имамның сөзіне ермей, сайтанның айдауына түсіп кеткен. Дамыған заманда адамға тек жұмыс істесе болды, барлық жағдайы жасалған, – деп ойын жеткізді актер.

Театр актері лудоманияны ішімдік ішіп, анаша шеккен де жаман әдет деп есептейді.

Құмар ойынға бір басыңды сұқсаң, одан шығу қиын болады. Себебі адам бір-екі рет ұтып көрсе, әрі қарай да жеңіл ақша табамын деп оның құрығына түсіп қалады. Бұл дерттен құтылу тек қана адамның өзіне байланысты, – деді Бақтияр Қожа.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны артып барады

Фото: Айым Талғат 

Түсірілімнің негізгі бөлігі Бурабай мен Астана қаласында ақпан және мамыр айында өтеді. Жалпы, кез келген тәуелділіктен арылу үшін кем дегенде 6 ай уақыт керек, сондықтан да фильмде жылдың бірнеше маусымы көрсетіледі.

«Құмар ойынға тәуелділік белең алып барады»

Еске сала кетсек, 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен болатын. Жиында халық арасындағы құмар ойынға деген тәуелділік жайлы мәселелер талқыланды.

Кейінгі жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды, – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.

Мәжілісте де құмар ойын мен оған қатысты жарнаманы заң тұрғысында қадағалауға қатысты мәселелер бірнеше рет көтерілді.

Жетінші шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова ойынқұмарлықтың салдарын атап өткен еді.

АҚШ-тың құмар ойындар мәселесі жөніндегі Ұлттық қауымдастығы жүргізген зерттеуге сүйенсек, әлемдегі әрбір орташа деңгейде өмір сүретін адамның қылмысқа бару ықтималдығы – 6% болса, ішімдікке салынып кетуі мүмкін деген болжамның деңгейі – 34%, есірткіге тәуелді болуы мүмкін ықтималдығы – 32% болса, құмар ойындарға байланып қалу ықтималдығы –48%. Міне, сол ойынқұмарлықтың салдарын қазір Қазақстанда байқап отырмыз, – дейді Мәжіліс депутаты.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов лудоманияға тыйым салынуы керек екенін айтқан болатын.

Бұл індет барлығына әсер етті. Менің де, сіздің де айналаңызда, отбасыңызда бір лудоман бар. Ондай танысы жоқ адам жоқ шығар. Неге? Себебі біз оларға еркіндік беріп қойғанбыз, шектеу жоқ. Егер де сіз менің субъективті пікірімді білгіңіз келсе, онда менің айтарым – тыйым салу, – деді ол.

Сондай-ақ жақында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында Үкіметтің лудомания туралы заң жобасын әлі қарамай отырғанын тілге тиек етті.

Аталған заң жобасы әлі Үкіметте жатыр. Мәжіліс оны қорытынды жасауға ұсынған. Біз заң негізінде жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ Үкіметтің осы заң жобасын ұстап отырғанына 1,5 жыл болды. Менің Үкіметке нақты күдігім бар, – деді Мәжіліс депутаты.

Осылайша Елнұр Бейсенбаев аталған мәселені жақында жаңа премьер-министр болып тағайындалған Олжас Бектеновке жеткізетінін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға