Қазақстанда қой еті неге қымбат? Министрлік түсіндірді

 khabar24.kz
Фото: khabar24.kz

Соңғы айларда Қазақстанда қой етінің бағасы күрт қымбаттап, тұтынушылар арасында қызу талқыланатын тақырыпқа айналды. Кей өңірлерде баға біршама төмендей бастағанымен, халық үшін қой еті әлі де қымбат өнімдердің қатарында қалып отыр. Бағаның өсуіне не себеп болды және алдағы уақытта жағдай өзгере ме? El.kz интернет порталы шолу жасады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, мамыр айының соңындағы күрт өсімнен кейін қой етінің бағасы кейбір өңірлерде төмендей бастаған. Мысалы, Жетісу облысында бір келі қой еті шамамен 3800 теңгеден сатылса, ел бойынша орташа баға 4200 теңгені құрайды.

Алайда елордадағы жағдай өзгеше. Журналистер Астанада қой етінің келісі 5500 теңгеге дейін жеткенін айтқанда, вице-министр қазіргі баға шамамен 5100 теңге екенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл деңгей мал өсірушілер үшін тиімді әрі әділ баға саналады.

Шенеунік жоғары баға фермерлерді мал басын көбейтуге ынталандыратынын атап өтті. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығының дамуына серпін беруі мүмкін.

Құрбан айт пен жазғы маусымның әсері

Министрлік қой етінің қымбаттауын бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бірі – Құрбан айт мерекесі. Бұл кезеңде құрбандыққа шалынатын малға сұраныс күрт артады.

Бұған қоса, мереке жаз мезгілімен тұспа-тұс келді. Жазда табиғат аясында демалатындар көбейіп, кәуап пен басқа да ет тағамдарына сұраныс өседі. Нәтижесінде нарықтағы сұраныс артып, бағаға қысым түседі.

Қой етіне сыртқы нарықта да сұраныс жоғары. Қазақстандық өнім көршілес мемлекеттерде ғана емес, Таяу Шығыс елдерінде де сұранысқа ие. Қазіргі уақытта қазақстандық қой етін Парсы шығанағы елдері мен Африка нарығына шығару мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал экспорттың артуы ішкі нарықтағы бағаға әсер етпей қоймайды. Өйткені өндірушілер үшін өнімді қымбат нарықтарға сату тиімдірек болуы мүмкін.

Соған қарамастан Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге қой еті экспортына шектеу енгізуді жоспарламайды. Ведомство өкілдері елде қой еті тапшылығы туындайды деген қауіп жоқ екенін және уақыт өте келе баға нарық заңдылықтарына сәйкес тұрақталатынын айтады.

Ет бағасы инфляцияны күшейтіп отыр

10 маусым күні Мәжіліс отырысында депутат Николай Арсютин азық-түлік инфляциясының өсуіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, тұтыну бағаларының қымбаттауына ең көп әсер етіп отырған өнімдердің бірі – ет.

Депутаттың мәліметінше, соңғы бір жылда сиыр етінің бағасы 32 пайызға, ал қой етінің бағасы 29 пайызға өскен. Ал «ет және ет өнімдері» санаты бойынша жалпы өсім 22,5 пайызды құраған.

Арсютиннің пікірінше, Қазақстанда өндірушілерге өнімді шетелге сату әлдеқайда тиімді болып отыр. Бұл жағдай ішкі нарықтағы бағаның өсуіне ықпал етеді.

Бағаны тұрақтандыру үшін мемлекет кейбір өнімдер бойынша экспорттық шектеулер қолданады. Мысалы, қазіргі уақытта сиыр етін экспорттауға 20 мың тонна көлемінде квота белгіленген. Белгіленген мөлшерден артық өнімді сыртқа шығаруға болмайды.

Сауда және интеграция министрлігі мұндай шаралар ішкі нарықта өнім тапшылығын болдырмауға және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектесетінін мәлімдеді.

Алайда қой етіне қатысты мұндай шектеулер әзірге енгізілген жоқ.

Оқи отырыңыз