Қазақстанда пәтер рәсімдеу қанша тұрады және қалай үнемдеуге болады

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

2026 жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығына қатысты рәсімдеу тәртібі мен нотариустық тарифтер жаңартылып, сатып алушылар үшін бірқатар жеңілдік енгізілді. Әсіресе ипотекамен үй алатындар, ауылдық жердегі мәмілелер және құны төмен нысандар бойынша шығын азайды. Бірақ мәмілені рәсімдеу тек тарифпен шектелмейді, құжаттар, тіркеу және салық талаптарын да ескеру маңызды.

Үй сатып алу үшін қандай құжаттар қажет?

Пәтер, үй немесе жер телімін рәсімдеу нотариус арқылы да, ХҚКО арқылы да жүргізіледі. Екі жағдайда да құжаттар тізімі бірдей.

Сатушы тарапынан:
– жеке куәлік немесе төлқұжат;
– мүлікке құқық белгілейтін құжат (сатып алу-сату, сыйға тарту, мұрагерлік және т.б.);
– техникалық немесе кадастрлық паспорт;
– ауыртпалықтардың бар-жоғы туралы анықтама (№2 нысан, eGov арқылы алынады);
– егер мүлік некеде алынған болса, жұбайының келісімі;
– кей жағдайда салық берешегі жоқтығы туралы анықтама.

Сатып алушыдан:
– жеке куәлік;
– некеде болса, жұбайының келісімі.

Мәміле барысында:
– сатып алу-сату шарты жасалады;
– қабылдап алу-тапсыру актісі рәсімделеді.

Базалық тарифтер: кім қанша төлейді?

Нотариус қызметінің құны мәмілеге қатысушылардың мәртебесіне байланысты есептеледі.

Егер сатушы мен сатып алушы бір-біріне туыс емес жеке тұлғалар болса, қызмет құны 12 АЕК, яғни 51 900 теңгені құрайды. Ал жақын туыстар (ата-ана, бала, ерлі-зайыптылар, немере, туған бауырлар) арасында келісім жасалса, тариф 7 АЕК немесе 30 275 теңге болады.

Мәмілеге заңды тұлға қатысқан жағдайда төлем көлемі 17 АЕК-ке дейін өсіп, 73 525 теңгеге жетеді. Сонымен қатар, жұбайының нотариалды келісімі үшін қосымша 1,5 АЕК (6 487 теңге) төленеді.

Ипотекамен үй алу: тарифтер қалай өзгерді?

2026 жылдың ақпан айынан бастап ипотекалық мәмілелер үшін нотариустық қызмет арзандады.

Енді ипотека арқылы жасалатын сатып алу-сату шарты 4 АЕК (17 300 теңге) тұрады. Ипотекалық тұрғын үй қарызы, жылжымайтын мүлікті кепілге қою келісімі де дәл осындай бағамен рәсімделеді.

Ал кепілгерлік немесе кепілдік шарты үшін 1,5 АЕК (6 487 теңге) белгіленген. Нотариустар бұл тарифтерден жоғары баға қоя алмайды.

Ауылдағы жылжымайтын мүлік

Ауылдық жерлердегі мәмілелер үшін арнайы төмендетілген тарифтер қарастырылған.

Жақын туыстар арасында жасалған келісім үшін 1,5 АЕК (6 487 теңге) ғана төленеді. Басқа жағдайларда бұл сома 2,7 АЕК (11 678 теңге), ал заңды тұлға қатысса – 3 АЕК (12 975 теңге) болады.

Бұл жеңілдіктер нотариустың қай жерде отырғанына қарамастан қолданылады.

Арзан нысандар үшін бөлек тариф

Құны төмен нысандар (жер телімі, қойма, автотұрақ) үшін де арнайы жеңілдік бар.

Егер мүлік бағасы 30 АЕК-тен (2026 жылы 129 750 теңге) аспаса, жақын туыстар үшін тариф 3 АЕК (12 975 теңге), ал басқа тұлғалар үшін 8 АЕК (34 600 теңге) болып белгіленген.

Мемлекеттік тіркеу: мәміленің соңғы кезеңі

Нотариалды рәсімдеу мәміленің аяқталғанын білдірмейді. Меншік құқығы тек мемлекеттік тіркеуден кейін ғана күшіне енеді.

Құжаттарды тіркеуге нотариус өзі жібереді. Сатып алушы мемлекеттік баж салығын төлейді:
– стандартты тіркеу – 1 304 теңге;
– жедел тіркеу – шамамен 2 сағат ішінде 5 000 теңге.

Мәміле толық аяқталды деп меншік құқығы eGov-та тіркелгені туралы хабарлама шыққаннан кейін ғана есептеледі. 

Оқи отырыңыз