Қазақстанда мүлік сату ережесі өзгереді: кім салық төлейді, кім босатылады

 magnific.com
Фото: magnific.com

Қазақстанда 2026 жылдан бастап мүлік сату кезінде салық төлеу тәртібі өзгереді. Жаңа ережелерге сәйкес, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп, мүлікті иелену мерзімі мен табысты есептеу тәсілі нақтыланады. Бірақ негізгі қағида өзгермейді, салық тек мүлікті қымбатқа сатып, табыс тапқан жағдайда ғана төленеді.

Кімдерге әсер етеді және негізгі талаптар

Тұрғын үй, жер телімі, гараж, автотұрақ сияқты нысандарды сату кезінде салық иелену мерзіміне байланысты болады. Егер мүлік екі жыл және одан көп уақыт сіздің атыңызда болса, салық төленбейді. Ал екі жылға жетпей сатсаңыз, тек баға өсімінен салық алынады. Өтпелі кезең де бар, 2026 жылға дейін алынған мүлікті бір жылдан кейін сатсаңыз салық төленбейді, ал 2026 жылдан кейін алынған мүлік үшін салықсыз сату мерзімі екі жылды құрайды.

Коммерциялық жылжымайтын мүлік иелері үшін талап қатаң. Дүкен, кеңсе, қойма секілді нысандар сатылғанда иелену мерзіміне қарамастан салық міндетті түрде төленеді, ал мұраға немесе сыйға алынған мүлік бойынша табыс арнайы бағалау арқылы есептеледі және көлік бір жылдан аз уақыт иелікте болса салық салынып, бір жылдан асқан жағдайда төленбейді.

2026 жылдан бастап прогрессивті шкала енгізіледі. Жылдық табыс 8 500 АЕК-ке дейін болса 10 пайыз салық салынады. Ал одан асқан бөлігіне 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады.

Салықты азайтуға мүмкіндік бар: қандай жеңілдіктер қарастырылған

Бұған дейін қазақстандықтарға салықты аз төлеуге мүмкіндік берілгені жайлы айтылған еді. 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалар түрлі салықтық шегерімдерді пайдалана алады. Бұл шегерімдер салық салынатын табысты азайтып, төленетін жек табыс салығы көлемін төмендетуге немесе декларация тапсырғанда артық төленген соманы қайтаруға мүмкіндік береді.

Азаматтар салықты азайту үшін белгілі бір шығындарын есепке қоса алады. Мысалы, оқу ақысы, емделу, медициналық сақтандыру, зейнетақыға аударымдар, ипотека төлемдері, сондай-ақ балаға немесе асырауындағы адамдарға жұмсалған қаражат салықтан шегеріледі. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер мен өз бетінше жұмыс істейтіндер де кәсіби шығындарын есепке алып, салық көлемін төмендете алады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, шегерімдер тізімі кеңейіп, стандартты шегерім көлемі ұлғайған. Сондай-ақ прогрессивті салық шкаласы енгізіліп, табысы белгілі бір деңгейден асатын азаматтарға жоғары мөлшерлеме қолданылады.

Мамандар салықты азайту үшін барлық растайтын құжаттарды алдын ала жинап, декларацияны уақытында тапсыруға кеңес береді. Сондай-ақ азаматтарға өз құқықтарын тексеру үшін салық органдарының порталын немесе eGov Mobile қосымшасын пайдалану ұсынылады.

Оқи отырыңыз