Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау және қызметтен босату қағидалары өзгерді. Тиісті түзетулер Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 18 тамыздағы бірлескен бұйрығымен енгізілді.
Жаңа талаптарға сәйкес, аудандық немесе қалалық білім бөлімі мемлекеттік білім беру ұйымы басшысының бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде конкурс өткізу туралы облыстық білім басқармасына жазбаша өтініш жолдауы тиіс.
Конкурс аяқталғанға дейін бірінші басшының міндеті білім беру ұйымы басшысының орынбасарына немесе сол ұйымның педагогіне жүктеледі. Мұндай уақытша тағайындау мерзімі 6 айдан аспауы керек.
Егер конкурс өтпей қалса, бірінші басшының міндетін атқару мерзімін тағы бір рет, 6 айға дейін ұзартуға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар бірінші басшыны қызметтен босату Еңбек кодексі мен қолданыстағы қағидаларда көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылатыны нақтыланды.
Мектеп директоры болуға үміткерлерге қандай талап қойылады?
Бірінші басшы лауазымына конкурс ұйымның ведомстволық бағыныстылығына қарай Оқу-ағарту министрлігінің тиісті құрылымдық бөлімшесі, салалық министрлік немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім басқармасы тарапынан жарияланады.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері, Назарбаев Университетінің түлектері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған азаматтар, сондай-ақ QS World University Rankings, Times Higher Education және Academic Ranking of World Universities рейтингтеріндегі әлемнің үздік 100 университетінің түлектері бірқатар жағдайда сертификаттаудан босатылады.
Олар тиісті бейін бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық не өзге де кәсіби білімі және педагогикалық қайта даярлаудан өткенін растайтын құжаты болған жағдайда бірден әңгімелесуге жіберіледі.
Ал өзге кандидаттар конкурсқа құжат тапсырмас бұрын нормативтік құқықтық актілерді білу бойынша сертификаттаудан және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST сынағынан өтуі тиіс. Қазақ тілін меңгеру деңгейі кемінде B1 болуы қажет.
Сертификаттаудан өту үшін әр нормативтік құқықтық акт бойынша кемінде 50 пайыз нәтиже жинау талап етіледі. Тестілеуге 96 минут беріледі.
Енгізілген жаңа нормаға сәйкес, мектеп директоры лауазымына конкурс қорытындысы кандидаттардың жинаған балдары негізінде шығарылады.
Ең жоғары балл жинаған кандидат конкурс жеңімпазы болып танылады. Егер екі немесе одан да көп үміткердің ұпайы тең болса, шешім конкурс комиссиясы мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады. Дауыстар тең түскен жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болады.
Конкурстық комиссия мүшелері арасында мүдделер қақтығысы туындаса, комиссия құрамы қайта қаралады.
Мүдделер қақтығысы туралы білген комиссия мүшесі бұл жөнінде комиссия төрағасына немесе конкурсты жариялаған мемлекеттік орган басшысына жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Осыдан кейін мемлекеттік орган бір жұмыс күні ішінде комиссия құрамын өзгерту туралы бұйрық шығарады.
Құжат қабылдау мерзімі – 7 жұмыс күні
Бірінші басшыларды тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау тәртібі де жаңартылды.
Құжаттар конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде қабылданады.
Кандидаттар өтініш пен қажетті құжаттарды электронды немесе қағаз түрінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, мемлекеттік органның кеңсесіне немесе цифрлық үкіметтің веб-порталы арқылы жолдай алады.
Еңбек шартының мерзімі аяқталған бірінші басшының келісімімен және білім беру ұйымын басқару органының келісімімен ол конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін тағы 6 айдан аспайтын мерзімге міндетін атқарушы болып тағайындалуы мүмкін.
Бұл жағдайда еңбек шартына қосымша келісім жасалып, тиісті бұйрық шығарылады. Белгіленген мерзім аяқталған соң еңбек шарты бұзылуға тиіс.
Кадр резервіне енгізілген бірінші басшының орынбасарлары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерге бірінші басшы немесе бірінші басшының орынбасары лауазымына басым тәртіппен тағайындалады.
Ал кадр резервіне алынған педагогтер осындай мектептерге бірінші басшының орынбасары ретінде бірінші кезекте тағайындала алады.
Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі де өзгерді
Орта білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау конкурсы енді «Педагогті жұмысқа қабылдау» модулінде электронды форматта жүргізіледі.
Ал мектепке дейінгі, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға педагог қабылдау конкурсы қағаз түрінде өтеді.
Шағын жинақты мектептерді, «Білім-инновация» лицей-интернаттарын және «Абай ұлттық мектебін» қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдары бос және уақытша бос педагог лауазымдарына конкурс өткізуге міндетті.
Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдары педагог-ассистентті психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымы немесе психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің шешімі негізінде конкурс өткізбей жұмысқа қабылдай алады.
Бұл ретте кандидат белгіленген үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес болуы керек.
GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектерге жеңілдік берілді
Соңғы екі жылда оқу орнын тәмамдаған, педагогикалық еңбек өтілі жоқ және мемлекеттік білім беру тапсырысы немесе жергілікті атқарушы органның мемлекеттік тапсырысы бойынша оқыған түлектер үшін де жаңа мүмкіндік қарастырылған.
Егер олардың GPA көрсеткіші кемінде 3,33 балл болса, сертификаттаудан өткені туралы құжаты және грант тағайындалғанын растайтын куәлігі болған жағдайда олар конкурс рәсімінен өтпей жұмысқа қабылдана алады.
Егер бір бос педагог лауазымына осы санаттағы екі немесе одан да көп кандидат үміткер болса, GPA көрсеткіші ең жоғары азаматқа басымдық беріледі.
Ал олар жалпы конкурсқа қатысқан жағдайда іріктеу бағалау парақтарындағы жинаған балдары бойынша жүргізіледі.
Қосымша жұмыс істейтін педагогтерге де конкурс қажет емес
«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, білім беру ұйымдары негізгі жұмыс берушінің келісімі болған жағдайда педагогті қоса атқарушы ретінде конкурссыз жұмысқа қабылдай алады.
Педагогті қызметтен босату Еңбек кодексінің 49-бабында көзделген бірқатар негіздер бойынша жүзеге асырылады.
Педагогтер конкурсқа құжатты қалай тапсырады?
Педагогтердің бос немесе уақытша бос лауазымдарға орналасу конкурсына құжат қабылдау мерзімі де хабарландыру жарияланған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап 7 жұмыс күнін құрайды.
Орта білім беру ұйымдарында жұмыс істегісі келетін азаматтар өтініш пен құжаттарын электронды түрде арнайы модуль арқылы жібереді.
Ал мектепке дейінгі, қосымша, арнайы, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналасуға үміткерлер құжаттарын қағаз түрінде білім беру ұйымының кеңсесіне тапсырады.
Қағаз түрінде құжат тапсырған жағдайда үміткерге құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың негізделген жауабы беріледі.
Электронды модуль арқылы тапсырылған құжаттар бойынша қабылдау туралы хабарлама кандидаттың жеке кабинетіне автоматты түрде жіберіледі.
Жалпы, енгізілген өзгерістер мектеп директорлары мен педагогтерді іріктеу рәсімдерін нақтылауға, конкурстың ашықтығын арттыруға және кадрларды жұмысқа қабылдау процесін цифрландыруға бағытталған.