Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты қатаң тексеріс басталды

 El.kz/Арман МҰХАТОВ
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты тексерулер басталды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға салық органдарынан хабарлама келген жағдайда қандай әрекет жасау керегін түсіндірді.

Тексерулер қашан басталды?

Заңға сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер қазақстандықтардың қаржылық операциялары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға міндетті.

Бірінші тоқсан бойынша мобильді аударымдар мен басқа да операцияларды тексеру 15 сәуірден кейін басталды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, камералдық бақылау және ықтимал заң бұзушылардың тізімін жасау сәуір айының соңына дейін жалғасады. Осыдан кейін негіз болса, азаматтарға хабарламалар жіберіледі.

Қауіп аймағына кімдер кіреді?

Салық органдарының назарына келесі үш талаптың барлығы бірдей сәйкес келген азаматтар ілігуі мүмкін:

  • 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан мобильді аударым алу;
  • бұл операциялар 3 ай ішінде жасалуы;
  • жалпы сома 1 020 000 теңгеден асуы.

Маңыздысы – осы үш критерийдің бәрі қатар орындалуы тиіс. Сонда ғана азаматқа жағдайды түзету қажеттігі туралы хабарлама жолдануы мүмкін.

Егер салықтан хабарлама келсе не істеу керек?

Хабарлама алған азаматқа оны орындау үшін табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.

Егер келіссеңіз:

  • қателерді түзету;
  • тиісті кезеңге нақтыланған салық есептілігін тапсыру;
  • қажет болса салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу;
  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мәліметтерді қосымшада көрсету;
  • басқа салық режиміне ауыссаңыз, тиісті рәсімдерді орындау.

Егер келіспесеңіз:

Салық органына жазбаша түсініктеме жолдап, анықталған айырмашылықтардың не себепті заң бұзушылық емес екенін көрсету қажет.

Егер ішінара келіссеңіз:

  • келісетін бөлігін түзету;
  • қалған бөлігі бойынша түсініктеме беру.
Түсініктемеде не көрсетілуі керек?
  • өз деректеріңіз және салық органының деректері;
  • хабарламаның нөмірі мен күні;
  • келіспеу себептері;
  • күні мен қолыңыз;
  • растайтын құжаттар (бар болса).
Уақытында жауап бермесеңіз не болады?

Егер белгіленген мерзімде жауап берілмесе немесе түсініктеме жеткіліксіз деп танылса, салық органы қосымша тексеру жүргізуі мүмкін.

Жаңа талаптардың мақсаты қандай?

Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, жаңа ережелердің мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысып, табысын жасырған және салық төлемейтін азаматтарды анықтау. Ведомство мәліметінше, мобильді аударымдар бейресми есеп айырысудың ең кең таралған тәсілдерінің біріне айналған.

Оқи отырыңыз