2026 жылғы 30 қарашадан бастап Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары кредиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) банктермен бірдей ереже бойынша есептейтін болады.Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады.
Жаңа ережелер екінші деңгейлі банктерге, бейрезидент банктердің филиалдарына (ислам банктерінен басқа), жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ барлық микроқаржы ұйымдарына қолданылады.
Олардың қатарында ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер де бар. Ал банкаралық қарыздар мен депозиттерге бұл талаптар қолданылмайды.
Енді микроқаржы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеген кезде тек негізгі қарыз бен пайызды ғана емес, келісімшарт жасалған сәтте белгілі болған үшінші тұлғаларға төленетін қосымша шығындарды да ескеруге міндетті.
Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін ерікті сақтандыру, кепіл мүлкін сақтандыру, кепілгерлер мен бағалаушылардың қызмет ақысы есепке алынады.
Ал заңды тұлғалар үшін бұған қоса микрокредит беру және оның шарттарын өзгертуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер қосылады.
Алайда келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар мен өсімпұлдар ЖТСМ есебіне енгізілмейді.
Жаңа тәртіп бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бұрынғыдай ондық үлеске дейін емес, жүздік үлеске дейін дөңгелектенеді.
Мысалы, есептелген мөлшерлеме 35,449% болса, енді келісімшартта 35,45% деп көрсетіледі. Бұрын бұл көрсеткіш 35,4% болатын.
Сондай-ақ қарыз сомасы немесе мерзімі өзгергенде, қарыз алушы талап еткенде және қарызды талап ету құқығы басқа тұлғаға берілгенде ЖТСМ қайта есептеледі.
Қарыз алушының өтініші бойынша кредитор жаңартылған есепті жазбаша түрде ұсынуға міндетті.
Жаңа талаптарға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары келісімшарттарда, жарнамаларда және мобильді қосымшаларда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін басқа пайыздық көрсеткіштермен бірдей қаріппен көрсетуі тиіс.
Бұдан бөлек, кредиторлардың ресми интернет-ресурстарында кредиттің нақты құнын есептейтін арнайы калькулятор орналастырылуы қажет.
Ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер де өздерінің ресми сайттары болған жағдайда мұндай калькуляторды енгізуге міндеттеледі.
Жаңа ережелер азаматтарға микрокредиттің нақты құнын, оның ішінде қосымша қызметтерге жұмсалатын шығындарды анық көруге мүмкіндік береді.
Бұл қарыз алушыларға әртүрлі кредиттік ұсыныстарды салыстырып, тиімдісін таңдауға көмектеседі.
Айта кетейік, жаңа тәртіп микрокредит бойынша пайыздық мөлшерлемелерді автоматты түрде төмендетпейді. Өзгерістер негізінен кредиттің толық құнын есептеу мен оны тұтынушыға ашық көрсетуге бағытталған.