Жаңалықтар

Қазақстанда маусым айында инфляция қарқыны баяулады

Қазақстанда маусым айында инфляция қарқыны баяулады
Фото: elements.envato.com 01.07.2023 15:11 639

Бір ай ішінде тұтыну бағасының индексі баяулап, маусым айындағы көрсеткіш 0,5% болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросы азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – 0,7%, ақылы қызметтер – 0,6%, азық-түлік тауарлары 0,2% өскенін хабарлады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде маусым айында жиhаз бен үйге қажетті заттар бағасы 2,6% өсті: шабадандар, жол сөмкелері – 1,4%, велосипедтер – 1,2%, жеке қолданатын заттар бағасы 1% қымбаттады. Мамырмен салыстырғанда маусымда құрылыс материалдары – 0,8%, киім және аяқ киім, фармацевтика өнімдері – әрқайсысы 0,7%-дан өсті. Бензин АИ-95/96 – 1,1%, баллондағы сұйытылған газ 0,7% қымбаттады.

Әуе жолаушылар көлігі қызметтері 9,6%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру – 8,8%, санаторийлер қызметтері – 6%, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша қызметтерге – 1,6%, қоғамдық тамақтандыру қызметіне – 1,4%, денсаулық сақтау қызметіне 0,9% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында картоп бағасы 9,9%, жүзім – 4%, лимон – 3,9%, алма – 3,1% өсті. Бағаның өсуі минералды және ауыз суға, салқындатылған сусындарға 2,4%-дан, жеміс және көкөніс шырындарына 1,8% байқалды. Банан – 10,6%, жаңа жиналған көкөніс – 8,8%, жұмыртқа – 5,9%, күнбағыс майы – 4,2%, қарақұмық жармасы – 4,1% арзандады.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында – 0,9%-дан (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төменгі – Ақтөбе облысында 0,1% тіркелді. Тұтыну бағаларының индексі бір айда Шымкент қаласында 100% болды.

Өңірлер бойынша ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Ұлытау облысында – 1,3%, азық-түлік емес тауарлары Астана қаласында – 1,3%, ақылы қызметтер Солтүстік Қазақстан облысында 1,4% өсті.

2023 жылғы маусымда жылдық мәнде инфляция деңгейі 14,6% болған. Азық-түлік тауарларының бағасы 14,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15,8%, ақылы қызметтер 13,3% өсті.

2022 жылғы маусыммен салыстырғанда кеңсе тауарлары 67,7%, қияр – 33,4%, кір сабын – 42,1%, ыдыс жууға арналған құралдар – 41%, қантсыз қоюландырылған сүт – 42,9%, күріш – 47,6%, күндізгі стационарлық емдеу – 40,8%, шақпақ қант 32,2% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қырыққабат – 13,8%, сәбіз – 9,5%, картоп – 9,1%, у сарымсақ – 5,4%, қызылша 6,9% арзандады.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылау қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі.

2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде, азық-түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға