Қазақстанда 29 қараша күні өткен мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс беру аяқталып, сайлау учаскелері жабылды.
Ел бойынша сайлаушылар тізіміне дауыс беру құқығы бар 12 679 459 азамат енгізілген. Дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-де аяқталды. Сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санауға кірісті.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 53,86 пайызы дауыс берген.
Сайлаушылардың белсенділігі бойынша көш бастаған өңірлер:
-
Түркістан облысы – 69,84 пайыз;
-
Жетісу облысы – 68,03 пайыз;
-
Қызылорда облысы – 67,36 пайыз.
Сайлауға кімдер қатысты?
Партиялық тізім бойынша сайлауға Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия қатысты: «Әділет», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл», «Байтақ» және Respublica.
Мәслихат депутаттығына жалпы 10 971 кандидат тіркелген. Бір депутаттық орынға орта есеппен үш кандидаттан үміткер болған.
Еліміздің 20 өңірінде саяси партиялар 99 партиялық тізім ұсынып, оған 1 219 адам енгізілген. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2 пайызды құрады.
Сонымен қатар 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелген.
Мәслихат депутаттарын сайлауды өткізуге бюджеттен 35,8 миллиард теңге бөлінген. Қаражаттың шамамен 70 пайызын сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысына жұмсау жоспарланған.
Сайлау нәтижесі қашан жарияланады?
Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кірісті. Сайлау қорытындысы арнайы отырыста жарияланады.
Заңнамаға сәйкес, сайлаудың ресми нәтижелері дауыс беру күнінен кейін жеті күннен кешіктірілмей, яғни 2026 жылғы 6 желтоқсанға дейін жариялануға тиіс.