Қазақстанда магистратураға білім беру гранттары тағайындалды

Қазақстанда магистратураға білім беру гранттары тағайындалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған магистратура бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Комиссия құрамына Ғылым және жоғары білім министрлігінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, білім саласындағы кәсіподақтардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Комиссия отырысында мемлекеттік білім беру грантына үміткерлердің өтініштері қаралып, гранттар қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурстық негізде тағайындалды.

«Отырыс барысында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурстық негізде жүргізілді. Комиссияның барлық мүшесіне жауапты әрі мұқият жұмысы үшін алғыс айтамын», - деді Саясат Нұрбек.

Биыл магистратура гранттарына арналған конкурсқа шамамен 23 мың өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың өтінішке көп.

Үміткерлер арасында ең жоғары сұранысқа ие бағыттар:

  • Педагогикалық ғылымдар;
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
  • Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары.

Конкурстық іріктеудің қорытындысы 24 тамыз күні сағат 15:00-де жарияланады. Нәтижелерді Ғылым және жоғары білім министрінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан, министрліктің ресми ақпараттық ресурстарынан, сондай-ақ Tengrinews.kz сайты мен әлеуметтік желілерінен көруге болады.

Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына болашақ магистранттарды қабылдау 2026 жылғы 28 тамызды қоса алғанда жалғасады.

Бұған дейін мемлекеттік білім беру гранттарына арналған конкурс нәтижелері 25 тамызға дейін жарияланатыны хабарланған еді. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері туралы ақпаратты жариялаған болатын.

Оқи отырыңыз