Алдағы үш күнде Қазақстанның бірқатар өңірінде күн күрт суытады. Елдің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында түнгі ауа температурасы 15 градус аязға дейін төмендейді. Ал батыс өңірлерде күндіз 17 градусқа дейін жылы болады.
«Қазгидромет» мәліметінше, 12–14 қараша аралығында еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, қар түседі, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын күшейіп, жаңбыр мен қар мол түседі.
Шығыс өңірлерде жел күшейіп, жаяу бұрқасын соғады. Кей жерлерде түнде және таңертең тұман түседі. Дегенмен елдің барлық өңірінде бірдей жауын-шашын болмайды. Батыста, солтүстікте және орталықта кей күндері күн ашық болады. 13 қарашадан бастап оңтүстікте де жауын-шашын тоқтайды.
Қай өңірлерде күн қатты суытады?
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері еліміздің әр өңірінде ауа температурасы айтарлықтай ерекшеленеді.
- Солтүстікте түнде 2–10 градус аяз болып, күндіз ауа температурасы -2 мен +5 градус аралығында болады.
- Орталық және шығыс өңірлерде түнде 5–15 градус аяз күтіледі. Күндіз ауа температурасы -3 пен +5 градус аралығында өзгереді.
- Оңтүстікте түнде 1–8 градус аяз болады. Ал күндіз ауа 5–12 градусқа дейін жылынады.
- Оңтүстік-шығыста түнде 3–8 градус аяз күтіледі. Таулы аймақтарда ауа температурасы -11…-16 градусқа дейін төмендейді. Күндіз өңірде 2–10 градус жылы болса, тауда 1–6 градус аяз болады.
- Батыста күн салыстырмалы түрде жылы болады. Түнде ауа температурасы +2…+9 градус, күндіз +8…+17 градус шамасында сақталады.
Қараша айында ауа райы қандай болады?
Бұған дейін «Қазгидромет» мамандары биыл қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болатынын болжаған еді. Алайда бұл ай бойы күн жылы болады деген сөз емес. Синоптиктер қарашада ауа райы жиі өзгеріп, жаңбыр, қар және бұрқасын болатынын ескертеді.
Әсіресе солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде күн күрт суытып, кей күндері түнгі ауа температурасы 18 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін.