Қазақстанда 27-29 тамыз аралығында ауа райы құбылмалы болады. «Қазгидромет» мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Кей өңірлерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста ыстық әрі жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Синоптиктердің болжамынша, солтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар республиканың басым бөлігіне әсер етеді.
Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей аудандарда қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін, – делінген «Қазгидромет» болжамында.
Ал Қазақстанның батысына Скандинавия антициклоны ықпал етеді. Соның әсерінен бұл өңірлерде бұлт азайып, жауын-шашын тоқтайды. Антициклон шығысқа қарай жылжыған сайын жауын-шашынсыз ауа райының аумағы да кеңеймек.
Бірқатар өңірде күн күрт салқындайды
Алдағы күндері елдің батысы, солтүстігі мен орталығында ауа температурасы айтарлықтай төмендейді.
Күндіз батыс өңірлерде ауа температурасы +16...+24 градусқа дейін, солтүстікте +12...+20 градусқа, ал орталықта +17...+25 градусқа дейін төмендейді.
Керісінше, шығыста күн жылынып, ауа температурасы +23...+30 градусқа дейін көтеріледі.
Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы жылы ауа массасының ықпалында қалады. Мұнда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз ауа температурасы +30...+37 градус шамасында болады, – деп хабарлады «Қазгидромет».
Астанада жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін
Елордада 27 тамызда көшпелі бұлт шығып, жауын-шашын болмайды. Оңтүстік және оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге жетеді. Түнде +13...+15, күндіз +28...+30 градус болады.
28 тамызда ауа райы бұзылады. Кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсуі ықтимал. Жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Түнде +13...+15, күндіз +23...+25 градус күтіледі.
29 тамызда да жаңбырлы ауа райы сақталады. Күндіз найзағай ойнап, екпінді жел соғады. Түнде температура +7...+9 градусқа дейін төмендесе, күндіз небәрі +16...+18 градус болады.
Алматыда аптап ыстық сақталады
Алматыда алдағы үш күнде жауын-шашын күтілмейді. 27 тамызда күндіз ауа температурасы +30...+32, 28 тамызда +31...+33 градус болады.
29 тамызда ыстық күшейіп, күндіз термометр бағаны +32...+34 градусқа дейін көтеріледі. Түнгі температура үш күн ішінде +14...+19 градус аралығында болады.
Шымкентте +36 градусқа дейін ыстық
Шымкентте де үш күн бойы жауын-шашын болмайды. 27 тамызда түнде +18...+20, күндіз +34...+36 градус күтіледі.
28 тамызда ауа температурасы түнде +19...+21, күндіз +33...+35 градус шамасында болады. 29 тамызда түнгі температура +20...+22 градусқа дейін көтеріліп, күндіз +33...+35 градус ыстық сақталады.
Осылайша, тамыздың соңғы күндерінде Қазақстанның солтүстік және орталық бөлігінде күн салқындап, жауын-шашын күшейсе, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жазғы ыстық әлі де сақталады.