Қазақстанда алдағы күндері ауа райы айтарлықтай суытады. «Қазгидромет» орталығының синоптиктері 26-28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады.
Мамандардың мәліметінше, алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда кей өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Таулы аймақтарда жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал.
Түнде ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді
Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа райына солтүстік-батыс антициклоны әсер етеді. Соның салдарынан күн құрғап, ауа температурасы төмендейді.
Еліміздің солтүстігі мен шығысында түнде ауа температурасы 1-3 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. 27-28 қыркүйекте солтүстік-батыс пен орталық өңірлерде үсік жүруі мүмкін. Сонымен қатар кей жерлерде түнде және таңертең тұман түседі.
Таулы аймақтарда қар жаууы мүмкін
Шығыс, орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал Алматы облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр, қараралас жауын-шашын жаууы ықтимал.
Қай өңірлерде жауын-шашын болмайды?
Синоптиктердің болжамынша, 26-28 қыркүйек аралығында еліміздің батысы, солтүстік-батысы және оңтүстік-батысында жауын-шашын болмайды. 27-28 қыркүйекте солтүстік және шығыс өңірлерде де күн ашық болады деп күтіледі.
Сонымен қатар Қазақстанның көптеген облысында жел күшейеді. Ал оңтүстіктің кей жерлерінде шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Қазан айында ауа райы қалай құбылады?
Бұған дейін «Қазгидромет» мамандары қазан айына арналған алдын ала болжамды да жариялаған еді. Айдың басында Қазақстанның бірқатар өңірінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталғанымен, кейін температуралық фон өзгере бастайды.
Өңірлерге қарай ауа райы әртүрлі болады: кей облыстарда жылы күндер сақталса, басқа аймақтарда күн суытып, жаңбыр жаууы және сулы қар түсуі мүмкін.